
Өткен Кеңес Үкіметі кезінде бір салада ұзақ жылдар терін төгіп, қажыр-қайратын аямаған, еліне елеулі болған азаматтармен қызметтес болдым. Солардың бірі де, бірегейі Елтай Байназарұлы Тыныштықбаев еді.
Елтай ағамен алғашқы танысқан кезімде, мен Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас құрылыс инженері болып жұмыс істейтінмін. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына бастықтың бірінші орынбасары болып келген Елекең 1971 жылы ауданға іссапармен келді.
Аздаған таныстықтан соң, аудандағы су жолдары және гидротехникалық құрылыстардың барысы туралы мәлімет сұрады. Бұл кездері ауданда «Казалинскводстрой» тресті ашылып, ірі күріштік алқаптарды игеру жұмыстары Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, қоғам қайраткері Әбубәкір Тыныбаев ағамыздың басшылығымен басталып кеткен болатын. Сол жылдары күріштікте су жетіспей жататын, Елекең осындай қиын уақытта суды тиімді пайдаланудың тәсілдерін мамандарға үйретті. Нағыз сала майталманы екеніне, ауыл шаруашылығын жетік білетініне халықтың көзін жеткізді.
Елекең 1975 жылдың тамыз айында Қармақшы аудандық партия комитетінің екінші хатшылығына тағайындалды, ал мен осы жылы қараша айында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының құрылыс жөніндегі орынбасары болып қызмет ауыстырдым. Біздің Елекеңмен байланысымыз үзілген жоқ, сол кездердегі Қармақшы ауданындағы шешілмей тұрған күрделі мәселелерді, өзінің қызмет істеген ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы тиімді пайдалана алды.
Қармақшы ауданында істеген жылдары жас мамандарды суды пайдаланудың тәртібіне үйретті, білікті басшыдан облыс көлемінде суды пайдаланушылар үлгі ала бастады. Аудандағы істелініп жатқан жұмыстарды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбдікәрімов Исатай, екінші хатшысы – бұрынғы Қазақ ССР Су шаруашылығы министрі Сарсенбаев Сұлтан ағаларымыз Елекеңнің іс-тәжірибесін облыс шаруашылықтарына да ұсынды. Көп ұзамай облыс басшылығына Есетов Тәкей ағамыз келді де, Елтай Байназарұлын облыстық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне ауыстырды. Бірақ, көп ұзамай 1980 жылы өзінің қызмет істеген жері – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығы қызметіне келді.
Елекеңмен қайтадан 8 жылдай осы мекемеде қоян-қолтық жұмыс істедік. Бұл кездері «Главриссовхозстрой» салған 10 күріш совхозының құрылыстары аяқталып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының құзырына беріліп жатқан кез еді. Сол жаға массивін және совхоз орталықтарын қабылдауға мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия құрамында – Елтай Байназарұлы және «Главриссовхозстройдан» Қасқабай Асанов, Ержігіт Бозғұлов, Тыныштықбай Сырғабаев, Константин Маймин және тағы басқа да білікті басшылар болды. Елекеңнің кезінде облысымыз күріш өндіруші үлкен аймаққа айналды, немесе КСРО күрішінің төрттен бір бөлігі, Қазақстан өнімінің 70 пайызы біздің үлесімізге тиді. Елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына белсенділік танытты. Қазір біреу білсе, біреу білмес осы күнгі пайдаланып отырған топтық су құбырларын (групповой водопровод) Одақта жоспарға енгізуге Елекеңнің еңбегі зор. Топтық су құбырларын Мәскеуде КСРО Су шаруашылығы министрлігінде қорғауға мені тапсырыс беруші, Морозов Викторды орындаушы ретінде іс-сапарға жіберді. Қазір халық осы ауызсудың игілігін көруде.
1982 жылы облыстық атқару комитетінің төрағасы – Құбашев Сағидолла ағамыз Семей облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ауысты. Барған соң, Сәкең – «Семей облысына шөптен көмектесуді, ал олар асылтұқымды мал және құрылыс материалдарын беруге» ұсыныс жасады. Осыған байланысты обкомның бірінші хатшысы Тәкей Есетов Семейге Елекеңді, «Племживобъединение» директоры Цой Ананийді және мені іссапарға жіберді. Сонда Құбашевтің қабылдауында болғанда, «Қызылорданың азаматтарының іскерлігіне, біліктілігіне басымды иемін», –деп ағынан жарылғаны есімде.
Тағы бірде Тәкей ағамыз біздің мекеменің құрылыс материалдарының тапшылығынан мал қораларының аздығын, «Сібірден келетін 3000 куб/м ағашты тиетуге ықпал жасауға не өзің, не орынбасарың (мені айтты) барыңдар», – деді. Мен, «Сіздің жұмысыңыз онсызда жетіп жатыр ғой, мен барайын», – дедім. Абырой болғанда, барған іссапарым сәтті аяқталды. Иркутск облысы, Казаченск-Ленский ауданы, Магистральный кентіндегі «КазИркутсклес» бірлестігіне барып, 3000 куб/м (елу вагон) ағашты тиеттім. Бұл өзінше ұзақ әңгіме. Келген соң Елекең тындырған ісіме ризашылығын білдірді.
Облыстық ауылшаруашылығы басқармасында жұмыс істеген жылдары Елекең Қазалы ауданы, Жаңақұрылыс кеңшарынан облыстық мәслихатқа депутат болып сайланды. Бұл кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Әуелбеков Еркін Нұржанұлының келген кезі. Көп басшыларды сынға алып, іссапарға барғанда «қыдыруды доғарып, қонақүйде қоныңдар», дегендей тапсырмалар болған кез. Бір күні сайлаушыларға есеп беруге Қазалы ауданы, Жаңақұрылысқа Елекең мені алып кетті. Совхозға қонуға тура келді, бірақ қонақүй не асхана жоқ. Содан тамақ дайындаған үйге бармай, совхоз кеңсесінің бір бөлмесін босаттырып сонда қонып шыққан едік.
Елтай Байназарұлы сауатты жазатын, ауыл шаруашылығына қатысты баяндамаларды, пленум материалдарын өзі дайындайтын. Елекеңнен кейін облыстық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Яковенко Дмитрий Кирилловичтің «сүзгісінен» өтетін.
1985 жылы 7 қарашасында орталық алаңнан ұжыммен бірге парадта өтіп бара жатқанымда Елекең маған, «Қазір кеңсеге кел, ақылдасатын мәселе бар!» – деді трибунадан. Мен үйге бармастан кеңсеге келдім, ізінше Елекең келіп, «Жақында болатын пленумның күн тәртібі өзгерді, соған материал дайындау керек, соның жобасын дайында, аудандармен хабарлас», – деп тапсырма берді. Сол 7 қараша мейрам күні түнгі сағат 12-ге дейін отырғанымыз есімде қалды. Бізде демалыс күндері болмайтын, орынбасарларын жұма күні кешкісін жинап алып, іссапарларға жіберіп, бітірген жұмыстардың қорытындысын дүйсенбі күні сағат 8:00-де тыңдайтын.
1986 жылы қаңтарда 5 министрлік қосылып, «Мемлекеттік агроөндірістік комитет» құрылды, оның облыстағы басшысы болып Ибраев Нұртаза, бірінші орынбасары қызметіне Елекең тағайындалды. Бұл қызметте де Елекеңмен абыройлы жұмыс істеп, 1988 жылы қазан айында жаңадан құрылған облыстық табиғат қорғау комитетінің алғашқы басшысы болды. Бұл мекемеде 5 жылдай істеген кезде, Одақпен бүкіл әлемнің назарын Арал трагедиясына аударып, орасан зор жұмыстар жасады.
Елтай Байназарұлы 1932 жылы Тереңөзек ауданы, Шаған ауылында қызметшінің отбасында дүниеге келіп, 1993 жылы 4 маусымда 61 жасқа қараған шағында ауыр науқастан кейін қайтыс болды. Марқұммен Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде қоштасып, соңғы сапарға шығарып салдық. Елекең жары Рахимамен жақсы отбасы бола білді. Балалары – Асылбек, Нұрлан, Шара, Әлияларды ізіне ертіп жүргенін талай көрдім. Олардың бәрін оқытты, жоғары білім берді. Елекеңнің Отан алдындағы еңбектері ескерілді, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен 2 рет, «Құрмет белгісі» орденімен және бірнеше медаль, грамоталармен марапатталды.
Бірнеше жыл қызметтес болған, еліне елеулі Елтай ағаның жасампаздыққа толы ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі ету парызымыз деп білемін және есімін мәңгілік есте сақтау мақсатында өзінің еңбегі сіңген жерлерде көшенің аты берілсе деген ардагерлердің ұсынысы бар.
Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті құрылысшысы,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.