«Пайғамбарлар падишасы» шарасы өтті

Екі дүниенің сәруәрі болған Алла тағаланың елшісі Мұхаммед Пайғамбарымыздың  дүниеге келген күні – Мәуліт мерекесін Арал ауданның халқы ерекше атап өтті. Бұл күнгі шараның «Пайғамбарлар Падишасы»деген тақырыбының өзі жамағатты елең еткізгені анық.Жиында сөз алған Арал ауданы әкімінің орынбасары Мерей Мейірбеков баршаны осынау ұлық күнмен құттықтап, қашанда теңіз төскейіндегі рухани істерге мұрындық болып жүрген  бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстады.

Аудандық орталық мешіттің бас имамы Съезбек Евилханұлы  болса жиналған жамағатқа пайғамбардың өмір жолын, асыл дініміздің қасиетіне кеңінен тоқталып,  ақжарма ниетін жеткізді. Мұнан соң мерекелік шарада ізгі  тілектер айтылып, хадистерден үзінді тыңдалды. Әсіресе  аудандық оқушылар үйінің өнерпаздары шырқаған әндер мен жырлар жұртшылықтың жүрегіне терең ұялап, иман нұрын құйғандай әсер қалдырды. Сондай -ақ Мұхаммед Пайғамбарымыз жайлы оқылған мадақ жыр мен «Жетімдерді жебей жүр!» тақырыбындағы сахналық қойылым  да көрерменнің  көңілінен шықты.

Кеш соңында Арал аудандық орталық мешітінің бас имамы С.Евилханұлы Мәуліт мерекесіне арналған шараға жиналған көпшілік қауымға Мұхаммед пайғамбардың өмірі жайлы «Адамзаттың асыл тәжі» атты кітапты сыйға тартты.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 557 0