ЖҰМЫС ІЗДЕСЕҢ, ЖӘРМЕҢКЕГЕ БАР

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне» орай ҚР Мемлекетттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен қалалық Жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтті.
Екі қолға бір күрек таба алмай сабылғандар үшін шараның маңыздығы жоғары. Мұнда жұмыс іздеп жүргендер кез-келген мекеменің табалдырығын барып тоздырмайды. Қолына қажетті құжаттарын жинап, жыл сайын өткізіліп отыратын «бос орын жәрмеңкесіне» барса, тұрақты жұмысқа орналаса алады. Жалпы, бұл шара мемлекеттік органдар мен жеке мекемелерге өздерінің талаптарына сәйкес келетін мамандарды табуға, ал жұмыссыз жүрген жандар тұрақты жұмыспен қамтылуға байланысты зор мүмкіндікке ие болады. Сонымен бірге мемлекеттік қызметке орналасу мәселесінің ашықтығы мен қолжетімділігін көрсетеді.
Өткізілген шараға жастар көп жиналды. Қолдарында түйіндемесі. Олар мамандықтарына сай жұмыс табуды көздейді. Солардың бірі – Сымбат Шакенова. Оның жұмыссыз жүргеніне біршама уақыт болған. Кейін жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, кеңес алған. Бүгінгі шарада ол «Альбахрам» жеке балабақшасына тәрбиеші қызметіне жолдама алды. Сымбат енді жұмыссыз емес. Оның қуанышында шек жоқ.
Бір байқағанымыз, «бос жұмыс орындары» жәрмеңкесінде медицина саласына қажетті мамандарға деген сұраныс жоғары. Қаладағы емханалар мен жеке клиникалар терапевт, окулист секілді мамандарды жұмысқа алатындарын көрсетіпті. Тек талаптарынан сүрінбей өтсеңіз, жұмыс табылмақ.
Бастысы, жұмыс іздеушілер түрлі салаларда қажетті қызмет түрін таңдауға мүмкіндік алды. Айта кетерлігі, жәрмеңкеде жұмыс беруші ретінде қаладағы 17 мекеме мен кәсіпорыннан 65 жұмыс орны ұсынылды. Ал, 37 мемлекеттік органнан 138 бос орын бары хабарланды.

Сара АДАЙБАЕВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 503 0