МАҚСАТ – БҰҚАРАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ

«Достық үйінде» облыс әкімі орынбасарларының облыстық Қоғамдық кеңес алаңында қоғамдық тыңдау өткізілді. Онда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, оларға несие бөлу мәселелері тақырыбында облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким өңірдегі саланың жай-күйін баяндады.

– Статистикалық деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың 1 қарашасына облыста тіркелген кәсіпкерлердің саны 49 471 бірлікті құрады. Ал кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 37 336. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 7,1 пайызға өсті. Өздеріңізге белгілі, бизнес ортаны жақсарту мақсатында облыс әкімі барлық деңгейдегі әкімдердің алдына негізгі 3 міндет қойды. Олар – салық түсімдерін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік жағдайды жақсарту.

Біз қойылған мақсатқа жетудің жолын көріп отырмыз. Ол – бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту. Осыған байланысты биыл облыстың әрбір ауданы мен Қызылорда қаласының салалық мүмкіндіктерін назарға ала отырып, кәсіпкерлікті қолдауға байланысты қолданыстағы бағдарламалар біріктірген Бірыңғай дамудың жол картасы әзірленді. Осылайша «Бастау-Бизнес» және «Бизнес-Кеңесші» жобалары бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту үшін тегін курстар ұйымдастырылды, – деді ол.

Айта кету керек, «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік сауаттылығын арттыру мақсатында 937 адам оқып, сертификат алды. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы биыл пилоттық режимде оқылатын 5 ауданды белгілеп берді. Олар – Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандары. Алайда 2018 жылы «Бастау Бизнес» жобасымен Қызылорда қаласы мен барлық аудандар оқи алатын болады.

Шынар БЕКБАН.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 532 0