« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Бейсенбіде Шиелі ауданы, Сұлутөбе ауылдық округінің 1 Мамыр ауылында Алма Қыраубаева атындағы №40 мектепте белгілі ғалым бюстінің ашылу рәсімі өтті.
Қазақ баласының ұлттық болмысын қалыптастыру жолында тынымсыз еңбек еткен біртуар ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор-педагог, жерлесіміз Алма Қыраубаеваның 70 жылдығына арналған шараға Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жұмат Тілепов, Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Қосай Алтынбеков, аудан әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов және басқа да мерейтой иесінің әріптестері мен шәкірттері, ауыл ардагерлері мен туған-туыстары қатысты.
Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрді олардың бойына сіңіру, рухани құндылықтарымызды қастерлеу мақсатында тынымсыз еңбек еткен, қазақ әдебиетін зерттеп, рухани байлығымызға баға жетпес қазына құйған ғалым Алма Қыраубаеваның есімін ұлықтап, оның өлшеусіз еңбегін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатындағы игі шара аясында қатысушылар қазақтың ғалым қызы жайында жылы естеліктер айтып, ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтауға атсалысқан облыс, аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді.
Айта кету керек, жиырмасыншы ғасырдың соңғы он жылдығында ұлтқа ұлттық мектеп, ұлттық тәрбие қажет екенін қазақ зиялыларының арасынан алғашқылардың қатарында көтерген осы Алма Қыраубаева еді.
Алма Мүтәліпқызы 1947 жылы 26 мамырда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Бірқазан бекетінде дүниеге келген. Алманың әкесі Мүтәліп айтыскер ақын болатын. Кеңшар бригадирі болғанымен, ел іші оны палуан, сері әрі жырау ретінде сыйлаған. Тұңғышы Алманы қасынан бір елі тастамай, жиын тойға да, аң аулауға да ертіп баратын болған. Ол жерлерде айтылған аңыз-әңгімелер мен қисса-дастандар болашақ ғалымға үлкен сабақ болады.
– Менің бар бақытым – мамандығымды дәл таптым. Жалпы қабілетім мен бейімім мұғалімдікке сай келеді, – деп өзі айтпақшы, Алма Мүтәліпқызы өмірде өз орнын тапқан, ұзтаздық қасиеттердің бәрін бойына ұялатқан қазақтың қарапайым қызы болатын. Өз сөздеріне қарағанда, оның ұстаздық жолы сонау бала күндерінен басталған екен. Жоғары сыныпта оқып жүрген шағында оқу озаты ретінде төменгі сынып оқушыларына сабақ беріпті. Жастайынан сөз өнеріне жақын болып өскен Алма орта мектепті үздік бітіріп, қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түседі. Білімге деген құштарлығын жазбай таныған ғұлама ғалым Бейсенбай Кенжебаев оны аспирантураға алып қалады. Аспирантураны бітірісімен сол оқу орнына қызметке орналасады.
Алма Қыраубаева университетті бітіргеннен кейін барша өмірін ғылым мен ұстаздық жұмысқа арнады. Бұл жолда ол өзін білімді ғалым, білікті ұстаз ретінде танытып, жұртшылықтың ықылас-ілтипатына бөлене білді. Әсіресе, қазақ әдебиеті мен бастау тегіне қатысты жүргізген табанды да тыңғылықты зерттеулеріндегі өзіндік ой-тұжырымдары мен тың пайымдаулары үшін әріптестері оны құрмет тұтты. Сол бағытымен 1974 жылы қазақ әдебиетінің ежелгі нұсқалары бойынша кандидаттық диссертация қорғаса, 1997 жылы қазақ әдебиетіндегі шығыстық қисса-дастандардың түп-төркіні мен қалыптасуы жайында докторлық еңбек жазып ғылым докторы атанады. Ол жоғары мектеп студенттеріне арнап оқулықтар жазды, шәкірт тәрбиеледі.
Қазақтың ғалым қызына арналған шара мұнан соң облыс орталығында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында «Алма Қыраубаева әдеби зерттеулерінің ұлт руханиятындағы маңызы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасты.
Конференцияны облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев ашып, жүргізіп отырды.
– Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Алдымен сананы жаңғыртуды мақсат ете отырып, жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр алатындықтан ол адам баласына қызмет етеді» деген болатын. Ұлт көшбасшысы ұлттық кодты сақтаумен ғана жаңа белеске шығатынымызды атап өтті. Қазіргі таңда бағдарламада көрсетілген нақты тапсырмалар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Сыр өңірінде бұл бағдарлама аясындағы шаралар 15 қарашадан бастау алды. Біз туған жердің танымал тұлғаларын білуіміз және оларды құрметтеуіміз керек. Олардың ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондай тұлғалардың бірі ұлағатты ұстаз, ғалым – Алма Қыраубаева. Өз кәсібінде адалдықтан айнымаған, ғылымның көкжиегін кеңейтуге сүбелі үлес қосқан, ұлттық дәстүрді жаңғыртуда ерен еңбек сіңірген Алма Мүтәліпқызының есімін жерлестері, шәкірттері зор мақтанышпен еске алады, – деп басқарма басшысы конференцияның маңызына тоқталды.
Шарада Алма Қыраубаева жайында деректі фильм көрсетілді. Одан әрі баяндамаларға кезек берілді. Атап айтқанда, «А.Қыраубаеваның әдебиет тарихын зерттеу еңбектері» тақырыбында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті түркология кафедрасының профессоры Шәкір Ибраев баяндама жасаса, «Ежелгі қазақ әдебиетінің көрнекті зерттеушісі профессор А.Қыраубаеваның әдіскер-педагогтік өмір жолы» тақырыбында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессоры Жұмат Тілеповтің, «Қазақ әдебиетінің мың жылдық тарихына сапар шеккен жолаушы қыз» тақырыбында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Анар Салқынбайдың және басқа ғалымдардың баяндамалары тыңдалды.
Конференция барысында сонымен бірге ғалым, ұстаз Алма Қыраубаеваның өмір жолы мен еңбектері жайында оның шәкірттері мен әріптестері естеліктер айтып, оның ғылымға, қазақ әдебиетіне қосқан үлесі жайында деректерді ортаға салды.
Шара барысында, сондай-ақ, ғалымға арнап ас беріліп, рухына құран бағышталды.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |