КӨГІЛДІР ОТЫН БАҒАСЫ КӨТЕРІЛМЕЙДІ

Өңірлік коммуникация қызметіндегі брифингте облыстық  энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов газдандыру мәселесіне байланысты   жұмыстарды айтып берді. 

Рас, облыста газдандыру қарқыны басым. Көгілдір отынның игілігін көргендер қатары артып келеді. Мәселен, биыл «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен Белкөл кентін газдандыру үшін 378,8 млн теңге қаржы қаралды. Нәтижелі  жұмыстардың арқасында кентке көгілдір отын жетті.  Сонымен бірге шыны зауытын газдандыруға  «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасынан 1,7 млрд теңге қаржы бөлініп, 14,7 шақырым газ құбыры жүргізілді. Бұдан  бөлек, Қызылорда қаласындағы Талсуат ауылдық округін және үш әлеуметтік нысанды газдандыру толығымен аяқталып, 500 үй табиғи газбен  қамтамасыз етілді. Биылғы жылы Махамбет, Наурыз елді мекендерін газдандыру жобасы жасалып, мердігер мекемені анықтау үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Сырдария өзенінің сол жағалауында газ тарату желілерінің құрылыс-монтаж жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар, Қармақшы ауданы мен Жосалы кентін көгілдір отынмен қамту үшін «Бейнеу – Шымкент» магистральді газ құбырынан бұрма-газ құбыры құрылысының  құрылыс-монтаж жұмыстары жасалып жатыр.

Брифингте «ҚазТрансГаз Аймақ» ҚӨФ жоба-техникалық бөлімінің бастығы Ермахан Жабаев газды қолдану кезінде қауіпсіздік шаралары туралы айтты.

Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде халық тұтынған көгілдір отынның текше метрі 19 теңге 94 тиынды құрап отыр. Алдағы уақытта  баға өспейді деп отыр.

Сара АДАЙБАЕВА. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 622 0