ЗАМАН-АЙ...

Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театр репертуары тағы да бір жаңа спектакльмен толықты. Театр сахнасында М.Серікбаевтің «Заман-ай» драмасы қойылды. Спектакльде негізінен қазіргі қоғамдағы теріс ағымдар жайлы айтылады. Бір-ақ сәтте өзі тәрбиелеп өсірген азаматының басқа діннің жетегінде кетіп, туған әке-шешесін кәпірге санап, олардан теріс айналуы спектакльде баяндалады.

Бүгін де, асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз өз жақындарынан, достарынан теріс айналып жатқаны мәлім. Осыған орай, еліміздің жарқын болашағын қалаушы – жас ұрпақтарымыздың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсетіп, оларға қысқаша тоқталуды мақсат еттік.

Сондықтан да балалардың бойына жастайынан ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру мен тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады. Демек, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы балабақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғары оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйретуіміз қажет. Сонда ғана теріс пиғылды діни ағымдарға бөгет қоя аламыз. Спектакльдің басты тақырыбы діни ағымдар жайлы болғандықтан облысымыздың орталық мешіттерінен имамдар келіп, арнайы тамашалады.

Көрермендердің ыстық ықыласына бөленген спектакль жоғары деңгейде сахналанды. Спектакльдің режиссері Ақтөре Оразалы болса, басты рөлдерде Асқар Оразалиев, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерінің иегерлері Нұрлыбек Шналиев, Зәуре Көздібаева сәтті сомдап шықты.

Балтай ЖӘРДЕСҚЫЗЫ,

Н.Бекежанов атындағы 

облыстық қазақ музыкалық драма театрының 

ақпарат бөлімінің меңгерушісі. 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 563 0