ЖАС АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласында білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет делінген. Жастардың білімге деген құштарлығын, шығармашылықпен айналысып жеткен жетістігін додаларда бағамдап жатамыз. 

Осы орайда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында Тәуелсіздік күніне орай облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Медиа-Пресс» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен  «Мақтанышым,  айбарым, желбіре, көк байрағым!» атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Оған Қызылорда қаласы мен аудандарынан, жоғары және арнаулы орта оқу орындарынан  16-22 жас аралығындағы 23 талапкер қатысты.

Шараның мақсаты – жастардың шығармашылығын арттыру, оларға қолдау көрсету және өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру болып табылды.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар бірінші бөлімде қазақтың белгілі ақындарының өлеңдерінен  үзінді оқыды. Екінші кезеңде Тәуелсіздікке арналған өз өлеңдерімен шықты. Сайысқа қатысқан үміткерлердің өнерін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Шанжархан Бекмағамбетов басқарған қазылар алқасы саралады. Олар талапкерлердің өлеңді таңдау талғамына, оқу шеберлігіне, тіл тазалығына, өлең ұйқасына, сөз саптауына және  сахналық киіміне қарап бағалады.

Жас ақындар жыр мүшәйрасында бар өнерлерін ортаға салды. Сонымен байқау қорытындысы бойынша Қазалы ауданынан келген, №98 орта мектептің 10-сынып оқушысы Бекзат Әбдіхан 1-орынды жеңіп алды. Екінші орынды Қорқыт ата атындағы ҚМУ 3-курс студенті Бақытбек Сұлтанбейбарыс пен «Болашақ» университетінің 4-курс студенті Бекжан Ержігіт олжалады. Ал, Арал ауданындағы №60 орта мектептің 11-сынып оқушысы Сәния Жақыпова мен «Қазанғап» атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің 4-курс студенті Еркебұлан Қайран 3-орынды еншіледі.  Сонымен бірге ынталандыру сыйлығын Қорқыт ата атындағы ҚМУ 1-курс студенті Шернияз Жалғасбекұлы мен И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғары колледжінің 2-курс студенті Назгүл Садықова және «Болашақ»  колледжінің студенті Данияр Кеңесов ие болды.

Жеңімпаздардың барлығы арнайы диплом, алғысхаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сара АДАЙБАЕВА,

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 желтоксан 2017 г. 606 0