
Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімі жанындағы отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен «Ұлт руханияты: Отбасы. Өнеге. Құндылық» ІІІ облыстық әйелдер форумы өтті.
Форум жұмысына облыстағы іскер, көшбасшы әйелдер, алтын құрсақты аналар мен өз кәсібінде жетістікке жеткен арулар және үкіметтік емес ұйым мүшелері мен жастар қатысты. Жиын барысында Жаңақорған кентінің әйелдер кеңесінің төрайымы Болғанбаева Сырғагүл Әмірбекқызы «Отбасы құндылықтары және қоғамдық жаңғыру» тақырыбында, психолог, аудармашы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Абдрахманова Сымбат Нұртазақызы «Рухани жаңғыру және отаншылдық» тақырыбы бойынша, ақын, «Шабыт» халықаралық жастар фестивалінің лауреаты Айтмаханова Асылзат Арыстанбекқызы «Әйел ақындар шығармашылығының ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы»тақырыбында баяндама жасады.
Форум аясында ұлттық қолөнерді насихаттаушы Аида Керімқұлованың туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Сонымен бірге, «Ұрпақтар сабақтастығы» аясында алдыңғы буын өкілдері әр саладағы белсенді жастарға номинациялар табысталды.
Аймақта «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік Тұжырымдамасын» орындау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Жас отбасыларға көмек көрсету мақсатында «Жанұяны жоспарлау», «Дені сау бала» кабинеттері мен «Жас ана» мектебі жұмыс жасаса, отбасылық үлгідегі «Атамекен» балалар ауылында 80 жас тәрбиеленуде. Ең бастысы, биылғы жылы біздің аймақта ана өлімі тіркелмеген.
«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 320 әйел оқудан өтсе, 124 әйел шағын несие алу арқылы кәсіптерін жүргізсе, 150-ден астам қыз-келіншек «Көшбасшы әйелдер» мектебі арқылы тегін оқу курстарынан өтіп, бірқатар әйелдер қызметтік өсу, кәсіп ашу сынды нәтижелерге қол жеткізді.
Бүгінде аймақтағы 35 мыңға жуық алтын құрсақты ана еліміздің демографиясының жоғарылауына үлес қосып келеді. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Ана бақыты» ескерткішінен бастау алатын «Аналар» аллеясының ашылуы да өздеріңізге деген ізгілік пен мейірімнің, қадір-құрметтің белгісі. Бұл барша аналарға арналған ескерткіш. Ананы құрмет тұту – біздің ұлттық болмысымызға сіңген асыл қасиет. Форум жұмысы мерекелік ән-шашумен жалғасты.