
Киелі топырағында талай сындарлы кезеңдерді бастан өткерген Арал бүгінде теңізі мен су маржаны арқылы әлемге әйгілі. Мұның барлығы Президентіміздің жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасы екені даусыз. Себебі, Елбасының қолдауымен САРАТС жобасының бірінші кезеңі сәтті жүзеге асырылып, «Көкарал» бөгеті салынып, «Кіші Арал» теңізі пайда болғаннан кейін, теңізіміздің байырғы балықтары көбейіп, жетілді. Соның нәтижесінде өңірімізде балық шаруашылығы үлкен серпінмен дамып, аудан көлемінде 8 балық зауыты мен цехтардың жұмысы жандануда.
Осы орайда бүгін, ауданымыздан шалғай орын тепкен Қаратерең ауылдық округінде жеке кәсіпкер Қазына Шаудырбаева өз кәсібін дамыту мақсатында «Ар-М-Кон» ЖШС құрып, балық қабылдау және тоңазыту цехын іске қосты. Жаңа кәсіпкерлік нысанның ашылу салтанатына аудан басшысы Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, елді мекен тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, нысанның салтанатты ашылу салтанатында аудандық аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Айбосынов және ауыл ардагері И.Дүйсенғалиевтер сөз алып, кәсіп иесіне сәттілік тіледі.
1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ашылған цехтың жалпы құны 60,0 млн теңгені құрайды. Негізгі жылдық өндіріс қуаттылығы 2500 тоннаны құрайтын цех тәулігіне 4 мұздатқыш камераларының арқасында тәулігіне 15 тонна балықты қатырып, 280 тонна балықты сақтауға мүмкіншілігі бар. Сонымен қатар, қатырылған, сұрыпталған балықты Қазақстанның өзге аймақтарына, Ресей еліне экспорттауға мүмкіндігі бар. Бүгінде, кәсібі аясында 15 адам жұмыс істесе, маусымдық мезгілде 25 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
Айта кету керек, бүгінде балық шаруашылығын ата дәстүрге айналдырып, жарасымды жалғасын үзбей, ата кәсіптен айнымай тіршілік етіп отырған Қаратерең елді мекені жылдан жылға өркендеп, балық шаруашылығын қарқынды дамытуға үлес қосып келеді.