Жақында Атырау қаласында дзюдодан 1997-1998 жылдары өмірге келген жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ел біріншілігі өтті. Оған Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстан 639 спортшы қатысты.
Аталмыш жарыстан Қызылорда облысының спортшылары 13 жүлде (3 алтын, 2 күміс, 8 қола) алды. Осының нәтижесінде жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді. Бірінші орын Оңтүстік Қазақстан облысына бұйырса, Атырау облысы үздік үштіктен көрінді.
Біздің облыстан 46 келі салмақта Бейбарыс Әбілда (№13 Жалағаш БЖСМ), 55 келіде Мағжан Шамшадин (спорт интернат), 70 келіде Жанерке Қуанышова (№12 Сырдария БЖСМ) жеңімпаз атанды. Ал 63 келіде Жания Махмұдова (№1ОМБЖОРМ), +70 келіде Күлімшат Еркін (спорт интернат) күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, 44 келіде Салтанат Сұлтанбекова, 46 келіде Нұрхан Алмабек, 60 келіде Нұрсұлтан Серәлі (үшеуі де спорт интернат), 48 келіде Айдана Ермахан (№5 БЖСМ), 57 келіде Гүлдерайым Әлмағамбет (№1ОМБЖОРМ), 63 келіде Әсел Жарылқасын (спорт интернат), +70 келіде Нұрғаным Тұршабек, 81 келіде Аязбек Шүкір (екеуі де №1ОМБЖОРМ) қола жүлдегер атанды.
Дзюдодан жасөспірімдер арасында облыстың аға жаттықтырушысы Қален Қалиұлы «Еліміздің ең мықты дзюдошылары үшін бұл сайыс Азия чемпионатына дайындықтың бірінші кезеңі болды. Ал Азия чемпионаты желтоқсанда Қытайдың Гонконг қаласында болады. Енді спортшыларымыз наурыз айында Анталияда, мамыр айында Польша мен Чехияда өтетін Еуропа Кубоктарына қатысады. Осы сайыстарға дайындалу үшін наурыздың 27-12-і аралығында Тараз қаласына оқу-жаттығу жиынына барамыз» дейді.