
Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушылары мен студенттері «Нұр Отан» партиясының қатарына салтанатты түрде қабылданды.
«Нұр Отан» партиясы «Тұран» филиалының төрағасы, Қорқыт Аа атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, т.ғ.д., профессор Қ.А.Бисенов өңіріміздің қоғамдық-саяси, мәдени жұмыстарына белсенді атсалысып жүрген жастарға алғысын білдіріп, оларды арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бағдарламалық мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе қозғалды.
Елбасы қоғамның санасын жаңғыртудың: Бәсекеге қабілеттілік, Прагматизм, Ұлттық бірегейлікті сақтау, Білімнің салтанат құруы, Қазақстанның эволюциялық дамуы, Сананың ашықтығы сынды негізгі бағыттарын ашып көрсете отырып, заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты бағдарламаларды белгілеп, оларды тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Ұлт Көшбасшысының айқындап берген бағыты бойынша игілікті істер атқару кемел келешектің туын ұстайтын жастарға да міндеттелген. Бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 900-ге жуық студенті «Нұр Отан» партиясының мүшелігіне қабылданған.
Мерекелік шара соңында салтанатты түрде партия қатарына өткен жастардың атынан биология мамандығының 2-курс студенті Айдана Әбиболлақызы сөз сөйлеп, "Тұңғыш Президент күні" мерекесінің қарсаңында "Нұр Отан" партиясының мүшелігіне өту үлкен құрмет, алдағы уақытта ел игілігі үшін аянбай еңбек ететіндігін жеткізді. Сонымен қатар Ж-17-1 оқу тобының студенті Шернияз Жалғасбекұлы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевқа арнау оқып, көпшіліктің ілтипатына бөленді.