
2017 жылдың екінші тоқсанында үй шарушылығына кететін шығын 13,5 пайызға (54,6 мың теңге) өсіп, жалпы 459,5 мың теңгені құрады. Ал ақшалай кіріс 8,1 пайызға өсіп (36,2 мың теңге), 484,9 мың теңге болды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл екінші тоқсанда үй шаруашылығында ет пен ет өнімдеріне кететін ақша барлық шығынның 14,2 пайызын құрап, 65,3 мың теңге болды. Былтыр бұл көрсеткіш – 14,0 пайыз еді. Бір жыл ішінде 14,8 пайызға (8,4 мың теңге) өсіп отыр.
Елімізде 2017 жылдың соңғы тоқсанына қарай халықтың ет өнімдерін тұтынуы 1,6 пайызға немесе 17,5 келіге азайды. Осы көрсеткіштің ішінде 10,9 пайызы қой етіне тиесілі.
2017 жылдың қазан айында бір кг қой етінің бағасы 1362,7 теңге болды. Яғни бағасы бір жыл ішінде 14,0 пайызға (167,2 теңге), ал айына 0,4 пайызға (4,8 теңге) өскен. Былтыр қазан айында сиыр етінің бағасы 3,4 пайызға қымбаттап (3,9 теңге), бағасы 1195,5 теңгеге дейін барды.
ҚР қалаларының ішінде ең арзан қой еті Оралда 1 100 теңгеге сатылып жатыр. Бір жыл ішінде 7,8 пайызға (80 теңгеге) өскен. Бұдан өзге қой еті Ақтөбе қаласында арзан бағаға сатылып жатыр. Бір келісінің бағасы – 1 141 теңге. Үштікті Өскемен қаласы бекітті. Аталған қалада қой етінің келісі 1156 теңгеге сатылып жатыр.
Ең қымбат қой еті Астана, Алматы және Ақтау қалаларында сатылып жатыр. Алғашқысында келісінің бағасы – 1 722 теңге, Алматыда – 1 656 теңге, Ақтауда - 1 448 теңге. Қой еті бір жыл ішінде Алматы қаласында – 324 теңге, Шымкенте – 269 теңге, Астанада 235 теңгеге қымбаттаған.