Қазақстан мектептерінде «Жасыл сабақ» өтті

Бүгін «Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысының ұйымдастыруымен еліміз мектептерінде 1 миллионнан аса оқушының қатысуымен «Жасыл сабақ» өтті. Бұл жайында аталған орталықтың баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жасыл сабақ» жобасының негізгі мақсаты - оқушыларға экологиялық бағыттағы тәрбие беру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға бейімдеу және коммуналдық игіліктерді ұтымды тұтыну қағидаларын үйрету.

Жоба аясында психологтар мен педагог мамандардың арнайы қатысуымен «Жасыл сабақ» атты әдістемелік құралы әзірленді. Әдістемелік құрал мектеп мұғалімдеріне көмекші болса, оқушыларға танымдық оқулық ретінде ыңғайлы етіп дайындалған. Әдістемелік құрал балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келеді.

«Қазақстан - 2050» жалпыұлттық қозғалысы Кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеевтің айтуынша, аталған жоба қоршаған ортаны қорғауға  үлес қосатын болады.

«Осы жобаны жүзеге асыру арқылы оқушыларға ауыз су мен электр қуатын ұқыпты және тиімді пайдалануды үйретуді көздейміз. Күнделікті тұрмыста аса мән бере қоймайтын қатты тұрмыстық қалдықтарды ұтымды жолдармен жою және оларды қайта пайдалану мүмкіндігін де қарастырамыз. Атмосфераға зиянды қалдықтардың тасталуын азайту мен қоршаған ортаны сақтау үшін жасыл технологияларды қолдануға баулитын боламыз», - деді М.Манкеев.

Жобаның мақсаты - Қазақстанда азаматтық қоғам негіздерін қалыптастыру мен дамытуға ықпал ету.

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы» ҚБ үкіметтік емес ұйымы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен 2013 жылы құрылған болатын. Оны жүзеге асыруға «SAMRUK-KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қолдау көрсетті.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қараша 2017 г. 491 0