
Қызылорда қаласындағы №278 мектепте оқушылар арасында «SportFESTKazakhstan» республикалық жобасының іріктеу ойындары өтті. Оған қала мен аудан мектептерінің 8-10 сынып оқушыларынан құралған 8 команда қатысты. Сайыста ұлдар арасында футзал, қыздар арасындағы баскетбол, әскери қолданбалы спорт түрлері, шахмат, үстел теннисі мен ұлттық ойын тоғызқұмалақтан бақ сынасты.
Бұған дейін «SportFESTKazakhstan» жобасы Астана, Көкшетау мен Қарағанды қаласында өткен. Жалпы, «SportFESTKazakhstan» жобасы – еліміздің 16 өңірінде болашақ чемпиондарға қолдау көрсетуге бағытталған бірегей жоба. Аталған жоба жастар арасында бұқаралық спортты, салауатты өмір салты мен патриоттық тәрбиені дәріптеуде ерекше орын алады. Осы жобаны іске асыруға 8-10 сынып оқушылары қамтылмақ. Оған 6000-нан астам қатысушы қатысады деп жоспарланған. Бұл бастаманы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен «Коммуникативтік бастамалар және стратегиялар» жеке қоры іске асырады.
Сонымен спорттық сайыстың 6 түрінен жарысқа түскен оқушылар белсенділік танытты. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, арнайы сертификат табыс етілді.
Облыстық кезеңнен сүрінбеген қатысушылар 2018 жылдың жаз айында «Балдәурен» кешенінде өтетін ақтық мәреге жолдама алды. Онда оқушылар еліміздің атын әлемге әйгілі етіп жүрген спорт саңлақтарымен кездесетін болады.
Сара АДАЙБАЕВА.