ЗАҢСЫЗ ОЙЫН ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Бүгінде компьютерге құмар ойын жүктеп, оның қызығына еніп кеткендер де сол арқылы пайда көрушілер де азаймай тұр. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі жыл басынан бері заңсыз ойын фактісімен 51 қылмыстық іс тіркеді. Оның 42-сі сотқа жеткізіліп, күдіктілерге қатысты сот үкімі шыққан. Осынша қылмыстың ақыры – 95 дана терминал, 73 дана компьютер кешені, 43 дана теледидар, барлығы 1 млн 214 мың теңге ақша мемлекеттік тәркілеуге әкелді. Тәркіленген ақша ойнаушылардан түскенін ескерсек, қанша отбасының күнкөріс қаражаты осы ойынға жұмсалғанын болжау қиын емес.
Қала тұрғыны Т. есімді азамат 17 компьютермен ойын жабдығын сатып әкеліп, қаладағы Желтоқсан, Өсербаев, Панфилов, Айтбаев көшелері мен Абай даңғылында орналасқан пәтерлерде жеті бірдей ойын нүктесін ашқан.
Ал Е. есімді жігіт «Арай» шағын ауданындағы екі Ә.Бөкейхан көшесінде орналасқан төрт бірдей дүкенге, Ғ.Мұратбаев, М.Шоқай, Ы.Алтынсарин, Жеңіс көшелерінде және «Ақмешіт» шағын ауданында бір-бірден, барлығы 11 азық-түлік дүкеніне терминалдарды қойып, заңсыз ойын ұйымдастырған. Барлық нүктелерге қарау жүргізу барысында жиыны 30 дана терминал қондырғылары мен сол мезетте кассада болған 73900 теңге ақша алынған. Сотпен айыпталған тағы бір ойын ұйымдастырушы Н. есімді азамат 9 терминалды кіріс көзіне айналдырыпты. Қанша табыс тапқаны өзіне мәлім. Мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғалары екі бірдей нүктедегі ойын құрылғысын анықтаған кезде кассада 10200 теңге ақша болған.
Тепсе, темір үзетін 30 бен 40 жас аралығындағы жігіттердің оңай олжаға қызыққаны соншалық, өз әрекеттерінің заңсыздығына мүлдем мән бермеген. ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңының 6-бабының 2-бөлігінің 2) тармақшасы республика аумағында электрондық казино және интернет-казиноға тыйым салады. Осы заңның 1-бабы 9) тармағында көрсетілгендей, ойын автоматы – құмар ойындарды өткізу үшін пайдаланылатын ойын жабдығының ішіне орналастырылған құрылғы болып танылады. Ойын терминалдарына көпфункционалды ақпараттық-бағдарламалық кешендер енгізіліп, терминалдар ақшаны қабылдауға және беруге арналған құрылғылармен жабдықталып, нақты уақыт режимінде серверге қосылады. Ғаламтордың онлайн желісіне қосылған уақыттары, яғни құралдың қозғалыс статистикасы жадында сақталып отырған. Осылайша, «ойын бизнесінің» қаншалықты белсенді жүргізілгені, оған қатысушылар ауқымы дәлелденіп, аты аталған азаматтар бұлтартпас айғақпен алынды.
Әр кезеңде анықталған үш істің жауапкерлері де Қызылорда қалалық сотының үкімімен бір жылға бас бостандығынан айырылып, мүліктері тәркіленді. Сот олардың жастығын, бұрын сотты болмағандарын ескеріп, жеңіл жаза тағайындады. Олар өз кінәсін мойындады. Сондықтан сот оларды қоғамнан оқшауламай-ақ, түзу жолға түседі деп сенім білдірді.

Б.ОРДАНОВА,
облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қараша 2017 г. 508 0