РУХАНИ КЕЛІСІМ – БЕЙБІТШІЛІК КЕПІЛІ

Сырдария ауданында «Рухани келісім – бейбітшілік кепілі» тақырыбында шығармалар байқауы өтті. «Рухани келісім күніне» орай ұйымдастырылған байқауға білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен қатар студенттер және оқушылар қатысты.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Иман – 2013» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Рухани келісім – бейбітшілік кепілі» тақырыбында өткен дәстүрлі шығармалар байқауы биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Дәстүрге айналған шығармашылық байқау ашықтыққа негізделген және жыл сайын өткізіліп келе жатқандықтан деңгейінің де артқанын білдіреді. Кәсіби мамандардан құралған қазылар алқасы ұсынылған шығармалардың маңызына және тақырыптың ашылуына мән берген.

Жиынға «Иман – 2013» қоғамдық қорының төрағасы М.Келдібаев, аудандық «Жастар ресурстық» орталығының кеңесшісі С.Сыздықова қатысып, байқау қорытындысын мәлімдеді.

Атап айтқанда, Сырдария агротехникалық колледж студенттері Құралай Досмағанбет мен Гүлсая Жапбарова ынталандыру сыйлығына лайықты деп танылды. Жүлделі ІІІ орындар осы колледждің мұғалімі Гүлістан Исмайлова мен Шаған ауылындағы №37 мектеп-лицейінің мұғалімі Эльмира Бисембаеваға бұйырды. Сондай-ақ, ІІ орынды Бекнұр Сұлтанбеков пен Гүлназым Саматова қанжығасына байлады. Ал, І орынды №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Махаббат Сайымова мен шағандық оқушы Назым Серікбаева жеңіп алды.

Жеңімпаздарға «Алғыс хат» пен естелік сыйлықтар берілді. Байқауды қорытындылаған «Иман – 2013» қоғамдық қорының төрағасы М.Келдібаев қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, қызметтеріне жеміс тіледі.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

Сырдария ауданы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қараша 2017 г. 566 0