
ЭКСПО аумағында Астана қаласындағы ең үлкен ашық мұз айдыны ашылды. Жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайтын мұз айдыны 700-ге дейін адам қабылдай алады, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Мұз айдыны "Нұр Əлем" павильоны жанындағы екі субұрқақтың арасында орналасқан.
"Бұл мұз айдыны ЭКСПО аумағына арнайы жобаланған. Компания жобаны мемлекеттің қатысуынсыз өз қаражаты есебінен жүзеге асырды. Бұған 300 млн теңге қаржы жұмсадық. Мұз айдынының пішіні "Нұр Əлем" павильонына бағытталған жебеге ұқсас. Оның қақ ортасында ЭКСПО логотипі бейнеленген. Сондай-ақ, кешкі уақытта жарқырайтын арнайы жолдар төселген" дейді "MegaIce" компаниясының директоры Ерлан Үмбетов.
Оның айтуынша, арнайы тоңазытқыш жабдығының арқасында конькимен сырғанау маусымы сәуір айына дейін жалғаспақ.
Мұз айдынында жаңа конькилер жалға беріледі. Сондай-ақ, жеке заттарды сақтау орындары, киіну бөлмелері мен ыстық тамақ беру орындары қарастырылған.
Кіру билеті 1000 мың теңге тұрады. Оқушылар мен зейнеткерлер үшін 50 пайыз жеңілдік бар. Ал 6 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Мұз айдынының ашылуына орай, демалыс күндері келушілерге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.
Билеттерді EXPO-2017 сайтынан, билет операторының сайтынан (kassir.kz) жəне ЭКСПО аумағында орналасқан кассалардан сатып алуға болады.
Мұз айдыны жұмыс күндері сағат 12.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Сағат 16.00-18.00 - техникалық үзіліс. Ал демалыс жəне мереке күндері сағат 10.00-ден 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Сағат 13.00-14.00 жəне 17.00-18.00 - техникалық үзіліс.