Baq.kz ақпарат агенттігінің құрылғанына 7 жыл!

Ақпарат айдынындағы 7 жылда сайт бірқатар өзгерістерге ұшырады. Құрылымы да, құрамы да, дизайны да, өзгеріске түсті, бірақ мақсаты бұрынғыдай – халықты сапалы ақпаратпен сусындату.

Ресурстың аз да болса мазмұнды тарихына тоқталатын болсақ, 2010 жылдың 24 қарашасында сол уақыттағы ҚР Байланыс және ақпарат министрінің арнайы тапсырысымен Қазконтент АҚ іргесінен Baq.kz ақпараттық порталы құрылды. Доменнің авторы әрі сайтты жасау жұмысына сүбелі үлес қосқан азаматтардың бірі ІТ-технология саласында өзіндік беделі бар Аршат Ораз. Сайттың жаманын жасырып, беделін асырған редактор қызметін Қамбар Ахметов атқарды. Кейін бұл командаға Аида Ажғалиева мен Жазира Оқубаева есімді қыздар қосылып, жұмыс одан бетер қыза түсті. Сондай-ақ, Baq.kz-тің азды-көпті 7 жыл ғұмырында үш жылдан аса жетекшілік етіп, медиа-әлемде ақпарат агенттігі ретінде еңсесін тіктеуге зор үлес қосқан Серғали Балажанның да еңбегін елемей кетуге болмайды. Сонымен қатар, бір жыл бойы осы ақпарат агенттігінің қарқынды жұмыс жасауына жағдай жасап, өзінің редакторлық қырын жоғары деңгейде көрсете білген Ботагөз Мақыштың іскерлігін айта кеткен орынды.

Baq.kz сайтын ашудағы негізгі мақсат, атауы айтып тұрғандай, ұшы-қиыры жоқ ғаламторда қазақтілді контентті байытып, бір-ақ батырмамен Қазақстанның барлық қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарына өтуге мүмкіндік жасау еді. Бастапқыда агрегатор ретінде жұмыс істеп тұрған сайттың уақыт өте келе қадамы нығайып, 2011 жылдың маусымында «ақпарат агенттігі» деген ресми мәртебеге ие болды. Сайтқа артылып отырған жауапкершіліктің салмағы артып, ақпарат саласында атқаратын міндеті айқындала түсті.

Әлемдік журналистика сандық форматқа бой түзеп жатқанда, сайт ашуға мүмкіндігі жоқ аудандық, ауылдық газет-журналдардың республикалық, тіпті, әлемдік аудиторияға таралуына жағдай жасау үшін Baq.kz-тің «Аймақтық БАҚ» арнайы бөлімі құрылды. Кейін «Аймақтық БАҚ» порталдың визиттік карточкасына айналып, нәтижесінде Baq.kz 300-ге тарта басылымның Ғаламтордағы қара шаңырағы деңгейіне жетті.

Baq.kz елден жырақта жүрген қандастарымызды да назардан тыс қалдырмай, олардың Қазақ жерінен сырт өмірі, тұрмыс-тіршілігі жайлы жаңалықтармен бөлісу үшін «Жаһан қазақтары» арнайы бөлімін ашты. Бірте-бірте сайттың функциясы артып, «Блогтар», «Мәдени орталықтар», «Асыл қазына» сынды қызықты әрі танымдық арнайы бөлімдермен толысты.

Жасалған жұмыс аз емес. Алда да биік белестер мен алар асулар күтіп тұрғаны анық. Осы жолда редакция өзі тәжірибе жинап қана қоймай, өзгелердің қанатын қатайтып, қаламын ұштауға мол мүмкіндік берді. Қазақ журналистикасында қаншама жас журналистің есімін әйгіледі. Өзіне артылған міндеті аясында Қазақстанның ақпарат саласына өзіндік үлесін қосып келеді.

Бүгінгі күнде танымал журналист, осы саланың қазанында газетте қайнап, сайтта сырбаздыққа жеткен Ержан Әбдіраман басқаратын еліміздегі бірден бір қазақ тілді ақпарат агенттігінің алар асуы әлі алда!

baq.kz

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қараша 2017 г. 605 0