ҚҰНДЫЛЫҚТАР ЖҮЙЕСІНДЕ БІЛІМ БӘРІНЕН ДЕ БИІК ТҰРАДЫ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 80 жылдығына орай Студенттер сарайында «Бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері және келешегі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  
Мерейтойлық конференцияға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов, Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Джон Сын Мин және Ресей, Бельгия, Түркия мемлекеттерінен келген профессорлар мен университеттің оқытушылары және студенттер қатысты.  
Жиынға университет ректорының міндетін атқарушы, профессор Қылышбай Бисенов модераторлық етті.  
Қазіргі уақытта жаңа ғасыр талабына сай мамандар даярлап, оларды парасатты тұлға ретінде тәрбиелеу еліміздің жоғары оқу орындарына жүктеліп отыр. Бұл ретте құрылғанына 80 жыл толған Сыр өңіріндегі білім мен ғылым ордасының оқытушы-профессорлары да нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Биыл жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингінде біздің университет 9-орынға ие болды. «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын 3 ғалым алды. Ұлт Көшбасшысы – Тұңғыш Президент қоры тағайындаған ғылыми жетістіктер конкурсында 2 жас ғалым стипендиат атанды.  
Аймақтың еңбек нарығын керекті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында 2013 жылдан бері университетке облыс әкімінің гранты бөлініп келеді.  Тұрмысы төмен отбасылардың талантты балалары осы грант негізінде білім алуда.Университетте 2012 жылдан бастап, бакалавриаттың 16 мамандығы бойынша  үштілді білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.  
Оқу орны өңірдің ақпараттық технология саласын дамытуға, осы сала мамандарын даярлауды қолға алған. Осыған байланысты қазақстандық робототехника федерациясымен меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда бейінді кафедралар студенттеріне «Робототехника» бағыты бойынша курстар жүргізілуде. Университетте биыл ашылған Бизнес-инкубатор студент жастардың инновациялық идеяларынан туындаған жобаларды іріктеп, әрі қарай жетілдіріп, экономиканың түрлі салаларына қолданысқа енгізу туралы ұсыныстар әзірлеуде.
Конференцияда облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов адами капитал сапасын жақсартуда, ақпараттық-сандық технологиялар ғасырына сай мамандар даярлауда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ғылымға негізделген экономиканы қалыптастыратын кәсіби біліктілігі жоғары,    парасатты, отансүйгіш жастар шоғыры өсіп келеді.  Бұған Қорқыт ата атындағы университеттің қосқан үлесі қомақты.
Одан әрі Ресей Федерациясы «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу университетінің профессоры Е.Черткова университеттерде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы жобаларды басқару туралы баяндама оқыды. Ал  Ресей Халықтар достығы университетінің профессоры  А.Дивеев робототехникалық құрылғыларды басқарудың интеллектуалды жүйесін синтездеу әдістері жайында, Бельгия Корольдігі Қолданбалы ғылымдар университетінің проректоры Фредерик Д.Улстер  өз оқу орнына қазіргі заманғы білім беру тәсілдерін енгізу тәжірибесі туралы  айтып берді.  Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры Ұ.Сыдықов әлемдік ақпараттық кеңістікте болашақ мамандардың ұлттық рухын қалыптастыру мәселелерін қозғаса, Түркия Республикасы Cакария университетінің қауымдастырылған профессоры Өздемир Мұстафа Чаглар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің стратегиясын жоспарлау тәжірибесімен бөлісті.  РҒА Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері И.Аржанцева университет студенттерімен бірге жүргізілген Жанкенттегі археологиялық қазба жұмыстары туралы баяндаса, Қорқыт ата  атындағы мемлекеттік университетінің профессоры Ш.Майгелдиева рухани жаңғыруды қазіргі білім беруге негіз етіп алудың жолдарына тоқталды.  
Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Джон Сын Мин Қызылорда университеті мен корей халқын біріктіретін факторларды, жалпы Сыр елі мен өз елінің арасындағы байланыстың мығымдығын атап айтты. Қазақстанда 2 жылдан бері еңбек ететін консул Қызылордаға үшінші рет келіпті. Ол өз сөзінде күштеп қоныстандырылған корей ұлтына қазақ халқы көрсеткен қамқорлық үшін алғысын жеткізді.  
Конференция соңында  университеттің 80 жылдығына орай облыс әкімдігі, Білім және ғылым министрлігі, салалық ғылым академиялары мен қоғамдық ұйымдар тарапынан тағайындалған марапаттауларға бірқатар оқытушы-профессорлар ие болды.  Сондай-ақ университет ректораты «Қорқыт ата атындағы Алтын медалін», «Қорқыт ата атындағы ҚМУ құрметті профессоры» атағын отандық, алыс және жақын шетелдерден келген әріптестеріне, профессор-оқытушыларға  тапсырды.  

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 қараша 2017 г. 620 0