Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы өзекті тақырыптың бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Жуырда Мемлекет басшысы қоғам талқысынан өткен жаңа әліпбидің жобасын мақұлдап, Жарлыққа қол қойған болатын. Осыған орай қаладағы № 197 орта мектепте тіл мамандарының қатысуымен шара өтті.
Кездесуде латын әліпбиіне көшудің маңызы туралы мағлұмат берілді. Кешке Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Аман Абасилов шақырылды. Жиынды №197 қазақ орта мектебінің директоры Сабила Рахымшаева ашып беріп, мұндай тарихи кезеңде білім саласы қызметкерлерінің де туған тілдің тағдырына алаңдайтындығын жеткізді.
– Мемлекеттік тілді қоғамдық салада еркін қолданылатын дара, негізгі, әрі жұмыстың, қарым-қатынастың құралына айналдыру қажет. Негізгі мақсат – Қазақстандағы әр азаматтың мемлекеттік тілді жетік білуіне жағдай жасау, – деді ғалым А.Абасилов.
Жиында мектеп оқушылары ана тілге арнаған өлеңдерін оқыды.
Кездесу соңында мектеп ұстаздары мен оқушылары латын қаріпіне қатысты көкейдегі сұрақтарына тұшымды жауаптар алды.
Кәмшат МАХМҰТҚЫЗЫ,
№197 қазақ орта мектебі.
Қызылорда қаласы.