
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарды баяндады. Ауданның әлеуметтік, экономикалық, мәдени жаңалықтарымен бөлісіп, алда атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Бүгінде аудан басшыларына қойылып отырған негізгі талаптың бірі кәсіпкерлікті өрістету екені белгілі. Шағын және орта бизнесті экономика тірегіне айналдыруды көздеген мемлекет бар мүмкіндікті жасап келеді. Қазіргі таңда ауданда кәсіппен айналысушы 3975 субъект тіркелсе, оның 82 пайызға жуығы толықтай жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар, 453 шаруа қожалығы тіркелген.
Брифинг барысында аудан әкімі айтқан тың жаңалықтың бірі – титан өндіру бойынша кен байыту комбинатын салу жобасы. Құны 3,4 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнын салу мақсатында облыста өткен «Байқоңыр инвест» инвестициялық форумында «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-мен меморандум жасалып, қаржы бөлу мәселелері қарастырылды. Қазіргі таңда титан өндірісіне қажетті шикізаттың негізгі көзі аудан аумағынан табылып тұр. Жалпы, ауданда индустрияландыру шарасы аясында «Жаңа Арал» ЖШС-ның «Қаптама кірпіш өндіру» және «Аралқұрылысы» ЖШС-ның «Асфальт-бетон зауыты» жобалары іске асырылуда.
Теңіз төскейіндегі тіршілік туралы айтылғанда алдымен балық шаруашылығы ойға оралады. Су маржанын сүзіп тірлік қылған жұрттың тұрмысы да түзелген. Жыл басынан бері айдыннан 3370 тонна балық ауланған. Оның 70 пайызға жуығы өңделіп, нарыққа шығарылды. Нақты кезеңде балық өңдейтін 8 зауыт жұмыс жасап тұр. Сонымен қатар, жергілікті кәсіпкердің ресейлік әріптестермен бірлесіп Ульяновск облысында балық өңдеу зауытын салғанын айтпай өтпеске болмас. Онда су маржаны терең өңделіп, экспортталады. Қазір көрші мемлекеттер мен Еуропа жұрты Аралдың балығын тұтынуда.
Облыстың солтүстік-батысында орналасқан ең шеткі ауданда әлеуметтік мәселелер жоқ дей алмаймыз. Алайда, жедел шешімін тауып келеді. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың айтуынша, ауылдар арасының тым алыс орналасқандығы түйткілді мәселелер туындатады. Осы орайда жол мәселесі де өзекті болып отыр. Мысалы, ауданның батыс беткейіндегі Құланды елді мекені Арал қаласынан 350 шақырым қашықтықта орналасса, солтүстік бетіндегі Атанши ауылы 200 шақырымда орын тепкен. Сонымен қатар, интернет желілеріне қосу жұмыстарын да кезең-кезеңімен іске асыру көзделіп отыр.
Бүгінде ауданда электр жарығынсыз отырған бірде-бір ауыл жоқ. Осыдан 3 жыл бұрын Мойнақ деген ауылға электр жарығы жеткізілген. Тоғыз үй орналасқан, экономикалық тиімділігі төмен қонысқа БҰҰ-мен бірлескен жоба аясында күн сәулесінен қуат алатын электрлер орнатылып берілді. Мал шаруашылығымен айналысатын ауыл адамдарына бұл тиімділігін көрсетіп отыр. Сонымен қатар, ауыз су мәселесінің толықтай шешілетін күні де алыс емес. Бүгінде 57 елді мекеннің 43-не су жүргізілген. Қалған бірқатар ауылда қайта жаңғырту жұмыстары жасалып, келер жылы орталық торапқа қосу көзделіп отыр.
Ауданның білім, спорт, денсаулық саласы бойынша да жағымды жаңалық жетерлік. Биыл шалғайда жатқан бірқатар ауылға типтік жобадағы еңселі білім ғимараты салынды. Сондай-ақ, балабақшамен қамтылу деңгейі 100 пайызды құрайды. Ал халық саулығына бағытталған баянды бастаманың қатарында орталық аурухананың құрылысы бар. Бұл заманауи үлгідегі үлкен ғимарат болмақ. Сонымен қатар, спорт саласы бойынша да кешендер құрылысы жүргізілуде. Бұл жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, салауатты өмір салтын қалыптастырады.
Брифинг барысында атқарылған шараларға сала-сала бойынша тоқталған аудан әкімі алда атқарылар міндеттерге де мән бере кетті. Соның ішіндегі ірі жобалардың бірі – «Арал Сода» ЖШС-ның кальцийлендірілген сода өндірісін жыл соңына дейін бастау. Бұл тек облыс үшін ғана емес, еліміз үшін де маңызды бастама болмақ. Сонымен қатар, аудан басшысы мүмкіндік пен жергілікті ерекшелікке қарай әр кент, округте кемінде 2 жобадан іске асыруды көздеп отыр. Одан бөлек 6 елді мекеннің ауыз су мәселесін жыл аяғына дейін аяқтау мақсаты бар.
Теңіз төскейінде атқарылып жатқан шаралардың бір парасына тоқталған аудан әкіміне журналистер сұрақ қойып, тұшымды жауап алды.
М.ҚҰРМАНӘЛІ.
Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет).