ТАРИХИ ТҰЛҒАЛАР ҚҰРМЕТТЕЛДІ

Өткен аптада мысты аймақтың орталығы Жезқазған қаласында рухани жаңғыру аясында Сыр бойындағы ағайындарға да қатысы бар екі шара өтті. Оған өңірімізден Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ш.Байманов  бастаған бір топ азаматтар қатысып қайтты.
Алдымен халық қамқоршысы болған, туған жері мен ел байлығын қорғау кезіндегі ата жауға қарсы күресте өшпес ерлік көрсетіп, тарихи тұлғаға ай¬нал¬ған батыр Кершолақ атты Ер Шоштан бабамыздың атына берілген көшені ашу рәсімі болды. Көшенің аты жазылған тақтаны ашу сәтінде Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ш.Байманов, еңбек ардагерлері Д.Ысқақов, Ө.Жаппархан құттықтау сөз сөйлеп, рухани жаңғыру кезіндегі игілікті істері үшін аймақ басшыларына рахмет айтты.
Шараның екінші күні қала жұртшылығы мен Астана, Алматы, Шығыс пен Сыр бойынан, Оңтүстіктен, басқа да аймақтардан келген қонақтар Кетбұға абыздың қала орталығында орнатылған ескерткішін ашу салтанатында  болды.
Енді, Кетбұға бабамыз жөнінде бірер сөз. Кетбұға осыдан 8 ғасырдай бұрын Ұлытау төңірегінде (1184-1260) өмір сүрген атақты күйші, жырау, Шыңғысханның кеңесшісі, мәмілегер, бүгінгі ресми тілмен айтқанда мемлекет қайраткері, ержүрек батыр болған адам. Оның Жошы өлімін Шыңғысханға «Ақсақ құлан» күйімен естірткені туралы аңыз тарихтан аян.
Ғалымдар, тарихшылар, жазушы-журналистер, өнертанушылар Кетбұғаның қолбасшылық, жыраулық, күйшілік, мәмілегерлік (қайраткерлік) қасиеттерін әркезде кеңінен зерделеп келеді. Қысқасы, Кетбұға қазақ халқының халық батыры, данагөй ақылшы, әлемдік деңгейдегі  ұлы тұлға. Оған дәлел – Кетбұғаның араб тарихшыларының анықтауы бойынша бүкіл Иран мен Кіші Азияға әмірі жүрген. Әсіресе, Хулағу ханзаданың Иерусалимге жорыққа аттанғанда саяси кеңесшісі және әскербасы болған. Кетбұға ноянның осындай қайраткерлік ерліктері жайлы тың деректер әлі де табылып жатыр.
Осындай халық қайраткері, ұлы абызға Ұлытау төңірегіндегі ұрпақтары Жезқазған қаласы орталығында биіктігі 10,5 метрлік гра¬нитпен қапталған көрнекті ескерткіш орнатқан еді. Осы ескерткішті ашу салтанатында Қарағанды облысының әкімі Е.Қошанов, қоғам және мемлекет қайраткері, халық қаһарманы М.Алтынбаев, тағы басқа ірі өнеркәсіп басшылары құттықтау сөз сөйледі.

Алма ДҮТБАЕВА,
еңбек ардагері.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қараша 2017 г. 570 0