«Қазақстанның 100 жаңа есімі» анықталды

Жалпыхалықтық дауыс беру аясында барлығы 102 жеңімпаз анықталған. Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев парақшасында жариялады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының алғашқы кезеңі аяқталды. Бұған дейін El.kz порталында жалпыхалықтық онлайн-дауыс беру жүргізілген болатын. Осының нәтижесінде барлығы 102 адам жеңімпаз атанып отыр. Министрдің айтуынша, екі үміткер жалпы топтан оқ бойы озық шыққан жүздіктен сәл ғана қалып тұрғандықтан, тізімге енгізілген көрінеді.

«Әділдік үшін дауыс саны бойынша алғашқы жүздіктен сәл ғана төмен тұрған екі үміткерді де тізімге қосуды жөн санадық», - деп жазды Д.Абаев.

Жалпы, іріктеу кезеңінде 340 мыңнан астам қазақстандық өздері таңдаған тұлғаларға 1 миллион 376 мың дауыс берген екен.

«Осының өзі жобаның қоғам үшін маңызды болғанын көрсетеді. Ендігі жерде үлкен жұмыстар басталмақ. Қазіргі уақытта Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, іс-шаралар жоспарын әзірлеуде. Осы орайда жобаға атсалысқан барша жұртшылыққа - еліміздің жаңа есімдері туралы жан-жақты ақпарат берген журналистерге, бізге қолдау көрсеткен волонтерлер мен қоғамдық ұйым мүшелеріне алғыс білдіремін. Өтінімдерді жинау барысында елімізде мақтан етуге де, өскелең ұрпаққа үлгі етуге де лайықты мыңдаған бірегей жандардың бар екеніне куә болдық. Осынау жаңа есімдер арқылы тұтас Тәуелсіз Еліміздің табыс тарихының жаңа парақтары ашылмақ», - дейді министр.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 қараша 2017 г. 759 0