Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп ерекше атап өтеді. Осы ретте аймақта «Туған жерге тағзым» акциясының іс-шаралары өтіп жатыр.
Аталған шараға «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының төрағасы Ғ.Тұяқбаев, «Қызылорда облысының Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрайымы А.Сунгур, «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Ж.Тұсмағанбетов, блогер Е.Мусаев қатысты. Олар үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділерінің атынан Үндеу жариялап, «Туған жерге тағзым» акциясына жерлестерді белсенді түрде қатысуға шақырды.
«Біздің әрқайсысымыз туған өлкемізді мақтан етеміз, алыс жүрсек сағынамыз, қамқорлық жасаймыз. Туған жерге қамқорлық туған елге жанашырлықпен астасады. Жалпыұлттық патриотизмнің жарқын үлгісі – «Туған жер» бағдарламасы осындай ізгі ниеттер мен шараларды жүйелеп, ортақ игілікке айналдыруды көздейді. Бабалардан мирас болып қалған туған жерді түлету, гүлдендіру, жаңғырту – бүгінгі ұрпақ, біздің, перзенттік парызымыз. Туған жерге көшелі көзқарас тұрғысынан келіп, оның көркеюі мен гүлденуіне қол соза білу, бір күннің немесе бір айдың ісі емес, ол әрбір азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс деп білеміз. Құрметті жерлестер! Сіздерді «Туған жерге тағзым» акциясының басталуымен құттықтай отырып, белсене қатысуға шақырамыз» делінген Үндеуде.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.