ІХ «БАЙҚОҢЫР-ИНВЕСТ» ФОРУМЫ ӨТЕДІ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте  облыстық  индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев  алдағы 15-16 қараша аралығында өтетін «Халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында ІХ «Baikonyr Invest» инвестициялық форумы өтетінін  мәлімдеді.  
Форумның негізгі мақсаты – өңір кәсіпкерлеріне шетелдік және отандық инвесторлармен өзара серіктестік орнатуға ықпал жасау, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін бизнес, білім және ғылым өкілдерін біріктіру. Экономиканы әртараптандыру негізінде маңызды бастамаларды дамыту болып табылады.
Жалпы, форум жұмысы пленарлық отырыстан және 5 секциядан тұрады. Секцияның бірі «Туған жерге тағзым» тақырыбында өтеді. Оған өңірімізден шыққан, еліміздің өзге облыстарында қызмет ететін іскер азаматтар қатысады. Ал, қалған 4 секция жұмысы «Қазақстан-Ресей», «Қазақстан-Иран», «Қазақстан-Қытай» және «Қазақстан-Өзбекстан» елдерімен ынтымақтастық орнатуға бағытталған. Сонымен бірге форумға Түркия, Оңтүстік Корея, Малайзия елінен де қонақтар келеді деп жоспарлануда.  
Айта кетерлігі, шара барысында инвестиция талап ететін жобалар көрмесі мен В2В, G2G, G2B кездесулер ұйымдастырылып, бірқатар меморандумдарға қол қойылады. Сондай-ақ, пленарлық отырыс нәтижесінде облыс әкімдігі мен түркиялық «Yildizlar SSS Holding» компаниясы арасында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі келісімге қол қойылмақ. Мұнан өзге «Байқоңыр» ӘӘК»ҰК» АҚ мен  «Yildizlar SSS Holding» компаниясы арасында құрылтайшылық келісімге және облыс әкімдігі мен қытайлық «Xinjiang Bo Bao Trading Co» компаниясы арасында Қызылорда қаласының сол жағалауында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылады деп күтілуде.  

Сара АДАЙБАЕВА.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қараша 2017 г. 927 0