Кезекті футбол маусымының басталуына бір айға жуық уақыт қалды. Қызылорданың намысын қорғайтын «Қайсар» футбол клубының тізгінін ұстаған Дмитрий Огай команда құрамының жетпіс пайызын жасақтады. Бас бапкер бұл туралы журналисттерге арнап өткізген баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының президенті Нұржан Әлібаев «Бас бапкер қызметіне кіріспей жатып, жағасынан алмайық. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, оған сәттілік тілейік» деді. «Қайсар» осыған дейін үш оқу-жаттығуын Түркияда өткізді. Соңғы жиында төрт жолдастық кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетті. Бас бапкер қазіргі құрамға көңілі толатындығын айтты.
– Аяқдопшылардың деңгейі жақсы. Жергілікті футболшыларға да құрамнан орын тауып бердік. Біздің мақсатымыз әр ойында жақсы көрсеткішке қол жеткізу. Уақыттың алдына шықпай тұра тұрайық. Футболшылар шеберлігін жасыл алаң төрінде бағамдайтын боламыз, – деді Дмитрий Огай.
«Қайсардың» төртінші, яғни қорытынды оқу-жаттығу жиыны 16-шы ақпан мен 5-ші наурыз аралығында өтеді. Ал ел біріншілігінің алғашқы турында 15 наурыз күні жерлестеріміз Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдайды.