
Аралда облыс әкімінің нұсқаулығына сәйкес «Қыс – 2017» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығу шарасы барысында төтенше жағдайларды жоюға жұмылдырылатын 140 адамы мен 33 бірлік техникасы бар азаматтық қорғау қызметтері, ұйымдар мен мекемелер, кәсіпорындар және авариялық-құтқару қызметтерінің күш-құралдырының дайындығы тексерілді. Сондай-ақ, «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінде саптық қарау өткізілді.
Арал ауданы әкімінің орынбасары М.Мейірбеков оқу-жаттығу шарасына қатысушыларға арнайы әзірленген тапсырмалар беріп, дайындық деңгейін бақылап, су тасқыны кезінде су алу қауіпі бар Аманөткел ауылының дайындық барысы пысықталды. Елді мекенде эвакуациялық жинақтау пункіті жұмыс істейді. Төтенше жағдай орын алған жағдайда қажетті техникаларға 3 тонна дизель және 2 тонна жанармай қоры жасақталған.Оған қоса қауіпті тұстарды топырақпен нығайту жұмыстарына 12 мың дана қап, 1500 дана пашын, 2500 бау қамыс жинақталып, азық-түлік, дәрі-дәрмек тағы басқа да қорлармен қамтамасыз етуге әріптестік меморандум жасалды. Ағымдағы жылғы төтенше жағдайлардың алдын алуға жергілікті бюджеттен 39 121,0 мың теңге қаржы қаралған.
Жұмабек Табынбаев.
Арал ауданы.