Қызылорда. Үстіміздегі жылы Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Әбділда Тәжібаевтың 105 жылдығы тойланады. Осыған орай облыс аумағында түрлі іс-шаралар өткізу жоспарланған.
Сол шаралар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ақын шығармашылығын насихаттауға арналған мәдени апталығымен басталды. Кітапханада «Жұлдызы биік жыр-жаһан» кітап көрмесі өтті. Сонымен қатар, бұл шаралар «Сырда туған сырбаз ақын» атты жыр кешімен жалғасты. Жыр кешіне Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Қаршыға Есімсейітова, балалар ақыны, педагогика ғылымының докторы Рахат Наурызбаева, жазушы Несібелі Рахмет және өзге де қаламгерлер қатысып, өзінің ой-пікірлерін білдірді. Кітапханада «Сыр сүлейі, жыр дүлейі» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Апталық «Тыңда, менің сөзімді, тыңда халқым» атты әдеби оқулармен қорытындыланды.