АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДА – ЖАҢА БАСЫЛЫМ

Алашқа ана атанған Сыр аймағы тағы бір басылыммен толықты. Өмірге «Ақмешіт ақиқаты» атты газет келді. Ақпарат айдынында желкенін керіп, жаңалыққа ұмтылған басылымның сүйінші данасы оқырманға жол тартты.
Томағасын сыпырып, топшысын бекітіп, егемен еліміздің азат аспанында қияға қанат қаққан «Ақмешіт ақиқаты» ә дегеннен қоғамға айтары бар басылым екенін көрсетті. Онда алдағы уақытта тарихтан тағылым беретін, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық мақалалар басылады деп күтілуде.
Бұл газеттің басы-қасында баспа ісін жақсы білетін ел ағалары жүр. Бас редакторы белгілі қаламгер, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі Еркін Әбіл атқарады.
Республикалық қоғамдық-көпшілік, ақпараттық газеттің сүйінші данасында мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Омарұлы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай, «Саутс-Ойл» ЖШС президенті, ОҚО мәслихатының депутаты Серікжан Сейітжанұлы құтты болсын айтып, жылы лебіздерін білдірген.
Мына әлемде тағы бір ақпарат құралының пайда болғанын сүйіншілеген санда «Ассалаумағалейкүм, ардақты оқырман!» деген мақала жарияланған. Онда басылымның басты тақырыптық және негізгі іс-қимыл бағдарламалық бағыттары көрсетілген. Айына екі рет жарық көретін газеттің құрылтайшысы Қызылорда қалалық ардагерлер кеңесі екені айтылған. Сондай-ақ, «Қарттарым – асыл қазынам», «Әкем асқар тауымсың», «Аяулы анам», «Батыр ана», «Ұлағатты ұл», «Көркем мінезді қыз», «Инабатты келін», «Халық пен нарық», «Бір кем дүние», «Сын түзелмей, мін түзелмейді» секілді басқа да айдарлар аясында мақалалар жарияланады деп жоспарлануда. Осы мақсатты ұстанып, аламан бәйгеге жүрексінбей қосылған «Ақмешіт ақиқатының» келешекте ешкімге ұқсамайтын өз жолы болатыны көрініп тұр. Өйткені, мұндағы мамандар қатары қаламы қуаттанған, талғамы толысқан, ойы кемелденген тәжірибелі журналистермен толыққан.
Осы ретте жаңа газеттің тізгінін ұстаған ағаларға, ақиқатты айтпаққа ұмтылған әріптестерге құтты болсын айтамыз. Бұл газет елдің мұңын мұңдайтын, тарихтан тағылым айтатын, жұрт тамсанып оқитын, көпшілік асыға күтетін беделді басылымға айналсын!

А.БЕК.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қараша 2017 г. 673 0