
Жұртшылыққа мәлім, Түркіменстанның тұңғыш президенті Сапармұрад Ниязов 1993 жылы өз жарлығымен бірқатар әлеуметтік маңызды қызмет ақыларының тарифтерін бекіткенде көптеген жеңілдіктер енгізген болатын. Осы жарлыққа сәйкес, елдің әрбір азаматы ай сайын 50 квт сағат электр қуатын, 50 текшеметр газ, күніне 250 литр су пайдаланғаны үшін ақы төлемейтін болып келген еді.
Қазіргі президент Бердімұхамедов биліктің алғашқы жылдарында бұл жеңілдіктердің мерзімін 2030 жылға дейін ұзартатынын мәлімдеген еді. Бірақ жуырда ол ақсақалдар кеңесімен келісіп, әлемдік дағдарысқа байланысты аталған жеңілдіктердің күшін жоятынын мәлімдеді. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың 1 қарашасынан жан басына шаққанда тегін тариф (7,5 текше метр) көлемінен тыс су пайдаланғаны үшін халық 5 манат ақы төлейтін болады. Бұл бұрынғы тарифтен 25 есе көп. Сондай-ақ, тарифтер бағаларының өсімі газ бен электр қуатының қызметіне де қатысы бар.
Ел Президенті жарлықтың мәнісін халықтың болашағы үшін табиғи ресурстарды тиімді, үнемді пайдалану қажеттілігімен түсіндірді. Жалпы алғанда Түркіменстан табиғи газдың қоры бойынша әлемде жетекші мемлекеттердің қатарына кіреді. Алайда, газды сатып пайда табу әлемдегі бүгінгі ушыққан бәсекелестік жағдайында үлкен проблемаға айналып отыр. Қысқасы, Түркіменстан Президенті ішінара нарық заңдылығымен жүруді қолайлы санайтын сыңайлы.