
Мемлекеттік аграрлық саясатты жүзеге асырудың нәтижесінде соңғы жылдары облыстың аграрлық саласында ауыл шаруашылығы өндірісінің дамуы тұрақты өсіп келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов мәлімдеді.
Агроөнеркәсіп кешеніне мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі соңғы 4 жылда 48 млрд теңгеден 80,6 млрд теңгеге дейін өсті. Агросаланың барлық бағыты бойынша өсім байқалады. Биыл да жылдағы дәстүр бойынша облыс диқандары рекордтық өнім алды.
Мал шаруашылығы саласында мемлекеттік қолдаудың тиімділігі, оның ішінде инвестициялық жобаларды жеңілдетілген несиелендіру арқасында мал шаруашылығында өсу динамикасы қамтамасыз етілуде. Жыл сайын «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша жоспардың артығымен орындалуы нәтижесінде МІҚ саны – 21,0%, жылқы – 53,9%, түйе – 34,6%, қой 40,3%-ға артты.
Елбасы тапсырмасына сәйкес, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру басты шара. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының міндеті де ұсақ және орта шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперациясына тарта отырып, өндіріс көлемі мен экспортты арттыру болып табылады. Ағымдағы жылы 20-дан астам жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 19 кооператив құру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда 1050 жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 43 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылды. Нәтижесінде 894 адам жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тұрақты жұмыспен қамтылды. Және 671 отбасылық мал бордақылау алаңдары құрылып, 12094 бас мүйізді ірі қара мал бордақылануда. Шаруалар 2758 бас сиыр сатып алып, 294 шағын отбасылық сүт фермаларын құрған.
Басты байлықтарымыздың бірі балық аулау, өңдеу, экспортқа шығару жүзеге асты. Мұнан басқа, Сыр салысы, сиыр еті, бақша өнімдері де сұранысқа сай. Мәселен, биыл экспортқа 100 тонна сиыр және 25 тонна қой еті шығарылмақ. Көкөніс, бақша өнімдерінің 2000 тоннасы шетелге шығарылды. Сондай-ақ, Ресейде сұранысы жоғары қауын сорттары мен гибридтері егіліп, экспортталды.
Облыстың экспорттық әлеуетін арттыру бағытында 2017-2020 жылдар аралығында 30 млрд теңге көлеміндегі 99 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда.
Айта кету керек, біздің өңірде ет комбинаты жоқ. Бұған дейін Қазалы ауданынан ашу жоспарланған. Алайда, ирандықтармен кездесуден соң, ет комбинатын Қызылорда қаласында ашуға шешім шығарылды. Жалпы, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде биыл аграрлық секторға 9,3 млрд теңге бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда 2,3% артты.
Осы жылы барлығы 181,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл – күріш көлемі 90,9 мың га. Ал, 97544 гектар дәнді дақылдардан 514,9 мың тонна астық өнімі алынды. Негізгі дақыл күріштен 502,5 мың тонна күріш салысы жиналды. Сондай-ақ, күріштің әр гектарынан 55,3 центнерден өнім алынды. Өткен жылмен салыстырғанда күріштің жалпы өнімінің көлемі 62,8 мың тоннаға артты.
Облыста жылыжайдың көлемін биыл 5 гектарға жеткізу индикаторы белгіленген болса, енді облыс орталығындағы құрылысы аяқталмай қалған, көлемі 6 гектарды құрайтын 51 жылыжай іске қосылатын болады.
Қарауылтөбе ауылдық округінде 1 гектар құрайтын жылыжайды іске қосып, бірінші өнімін ала бастады. Сол сияқты, Жаңақорған ауданында арнайы құрылған «Агрозонада» 1 гектар жылыжайдың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.