
Банк секторының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету және кредиттеуді қалпына келтіру мақсатында Ұлттық Банк еліміздегі банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасын іске асыруда. Ол бағдарламаны іске асыру шеңберінде ағымдағы жылғы қыркүйекте және қазанда екінші деңгейдегі төрт банктің: «АТФ Банк» АҚ-ның, «Еуразиялық Банк» АҚ-ның, «Цеснабанк» АҚ-ның және «Банк ЦентрКредит» АҚ-ның жалпы сомасы 410 миллиард теңгелік өтінімін мақұлдады.
Осы бағдарлама барысында Қызылорда облысы бойынша банк филиалдарына халықтың 424 өтініші түсті (1,6 млрд теңге сомасына), оның ішінде 299 өтініш (1,1 млрд теңге) мақұлданды және 285 өтініш (1 млрд теңге) бойынша қайта қаржыландырылды.
Бүгінгі күнгі қаржы саласына қатысты бұл деректерді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ұлттық Банктің Қызылорда филиалы директоры Әсет Мұстафин және оның орынбасары Наталья Ким БАҚ өкілдеріне жеткізді.
Спикерлер атап өткендей, 2017 жылдың 1 қазанына Қызылорда облысы бойынша жалпы депозиттер көлемі 103,4 млрд теңгені құраған. Жыл басынан бері теңгедегі депозиттер көлемінің өсімі 63,7 млрд теңгеге дейін 0,3 пайызға ұлғайса, шетел валютасындағы депозиттер көлемі 19,6 пайызға 39,7 млрд теңгеге дейін төмендеді. Жыл басынан жеке тұлғалар депозиттері 6,9 пайызға 79,8 млрд теңгеге дейін өсті, бұл теңгедегі депозиттер көлемінің 12,7 пайызға 51,0 млрд теңгеге дейін өсуімен негізделеді. Заңды тұлғалар депозиттері 38,3 пайызға төмендеп, 23,6 млрд теңгені құрады. Ұлттық валютадағы депозиттердің өсуі долларландырудың қыркүйекте одан әрі 38,4 пайызға төмендеуіне ықпал етті.
Жеке тұлғалар салымдарының құрылымында шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 36 пайызды (2016 жылғы қыркүйекте – 45,6 пайызды), заңды тұлғалар бойынша 46,4 пайызды (2016 жылғы қыркүйекте – 61,1 пайызды) құрады. Банктік салымдар бойынша пайыздық мөлшерлеме деңгейі теңгедегі депозиттермен қолайлы болып қалуда. 2017 жылдың қыркүйек айында депозиттер бойынша сыйақы мөлшері ұлттық валюта бойынша – 9,3 пайызды, шетел валютасында 2,2 пайызды құрады.
Банктердің несиелік белсенділігі жандануын жалғастыруда. Жыл басынан бастап банктердің экономикаға кредиттерінің көлемі 162,8 млрд теңгеге дейін 11,7 пайызға ұлғайды.Теңгедегі несиелер 157,8 млрд теңгеге дейін 13 пайызға, негізінен ұзақ мерзімді бөлік есебінен өсті, үлес салмағы 82 пайызды құрады. Шетел валютасымен кредиттер 5,1 млрд теңгеге дейін 18,5 пайызға қысқарды.
Кредиттердің ең көп көлемі саудаға (7,2 пайыз), көлік және байланысқа (5,5 пайыз), өнеркәсіпке (3,6 пайыз), құрылысқа (2,8 пайыз), ауыл шаруашылығына (0,5 пайыз) тиесілі болып отыр. Сондай-ақ, тұтынушылық кредиттеудің өсіп келе жатқанын атап өту қажет. Халыққа тұтынушылық мақсатқа кредиттердің көлемі 2017 жылдың 1 қазанына 102,7 млрд теңгеге дейін 18,9 пайызға немесе 16,3 млрд теңгеге ұлғайған.
Банк өкілдері Статистика комитетінің ресми деректеріне сәйкес 2017 жылдың қыркүйек айында жылдық инфляция 7,1 пайызды құрағанын атап өтті. Инфляция 2017 жылға жоспарланған 6-8 пайыз дәліз шегінде қалып отыр. Қызылорда бойынша бұл көрсеткіш 7,2 пайыз болды. Статистика комитетінің ресми деректеріне сәйкес, 2017 жылдың қыркүйек айында өткен айымен салыстырғанда Қызылорда облысындағы тұтыну бағаларының индексі 100 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 0,3 пайызға арзандаса, азық-түлік емес тауарларының бағасы 0,7 пайызға қымбаттаған. Халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер бағасының индексі 0,3 пайызға төмендеді.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.