ТОҒЫЗ АЙДАҒЫ ТОЛЫМДЫ ТІРЛІК

Облысты газбен қамтамасыз етуде Сыр өңірі республикада алдыңғы қатарда. Бүгінде бірқатар аудан көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Қалған аудандар мен Қызылорда қаласы маңындағы ауылдардың да табиғи отынға қол жеткізетін күні алыс емес. Аймақ 2020 жылға дейін толықтай газдандырылмақ. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов және бірқатар басқарма басшысының қатысуымен өткен брифингте айтылды.
Қалаға іргелес ауылдарды көгілдір отынға қосу кезең-кезеңімен іске асып келе жатқаны белгілі. Бүгінде Талсуат, Белкөл ауылының тұрғындары үйін табиғи отынмен жылытып отыр. Енді Наурыз, Махамбет ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстары басталады. Ел күткен мәселе екі жылда шешімін таппақ.
Жылу құбырларын жаңарту жұмыстары да жолға қойылып келеді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015-2016 жылдары жылу желілерін қайта жаңғыртуға 4 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 14,4 шақырым жылу желісі алмастырылып, мәселе 55-тен 44 пайызға төмендеді. Ал биыл бу қазандықтарды газ отынына қайта жабдықтау жұмыстарына облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, тиісті шаралар жасалды. Ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыстар жалғасуда. Ұлттық қордан бөлінген 11,5 млрд теңгеге 41 жобаны жүзеге асыру қолға алынды.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыста 47 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүгізіліп жатыр. Өңірде бұл салаға айрықша көңіл бөлінгені белгілі. Нәтижесінде баспанамен қамтамасыз ету де бірқалыпты. Қазіргі таңда Жаппасбай батыр көшесі мен Титов қыстағындағы 14 тұрғын үй пайдалануға берілді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жыл басынан бері жол жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді. Биылғы 9 ай ішінде 85 шақырым жол жөнделіп, 2 көпір қайта жаңғыртудан, 1 көпір күрделі жөндеуден өткізілген.
Жолаушылар тасымалы әрдайым жұрт назарындағы мәселе. Әсіресе, ауылдарға қатынайтын көліктер жайында сын көп айтылады. Осы мәселенің орайын табу үшін бүгінде 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 211 автобус бағыты ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 7 маршрут өзге аймақтарға қатынауда. Брифинг барысында жолаушылар тасымалына қатысты сөз айтылған соң осы бағыттағы кей мәселелерге қатысты сұрақтар қойылды. Атап айтсақ, ескірген көлік пен бір айлық жолақы билеті көптің көкейіндегі сауал болатын. Бұл түйткілдер жақын арада толық шешілмек. Бүгінге дейін облыс орталығына сыйымдылығы жоғары 112 жаңа автобус алынып, түрлі бағыттарға орналастырылғаны белгілі. Бұл іс келер жылы жалғасын таппақ. Алдағы уақытта тағы да 150 жаңа автобус халыққа қызмет ететін болады. Бұл жолаушы тасымал көліктерін толықтай жергілікті бюджет есебінен сатып алу көзделіп отыр. Жаңа маршруттар келген соң бір айлық жолақы билетінің мәселесін шешу де жеңілдейтін болады.
Брифинг барысында көшелердегі тойханалар мен сауда орындарының ережеге сай орналаспайтындығы, мейрамхана алдындағы көлік тұрақтарынан жөнсіздік жиі байқалатыны айтылды. Сондай-ақ, Сырдария өзенімен келетін мол суға дайындық барысы және Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу шаралары баяндалды. Жылдың тоғыз айында атқарылған ауқымды жұмыстар одан әрі жалғасын табады.

М.ҚҰРМАНӘЛІ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қараша 2017 г. 632 0