
Жаңақорған ауданы биылғы ауылшаруашылық жылы қорытындысында жоғары нәтижеге қол жеткізді. Облыста «Үздік аудан» номинациясын жеңіп алды. Бұл аудан еңбеккерлері үшін соңғы 25 жыл бедерінде көтерілген биік шың екен. Осы жетістік құрметіне аптаның жұмасы күні аудан орталығы Жаңақорған кентінде «Берекелі, мерекелі Алтын күз» мерекесі кең ауқымда тойланды. Ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, еңбек озаттары марапатталды. Спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылып, облыстық филармония әртістерінің күшімен тамаша концерт қойылды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Ғалым Әміреев құттықтау сөз сөйлеп, диқан қауымының биылғы еңбек жылында замана талабына сай жұмыс ұйымдастырып, өнімді өндірумен қатар оны Елбасы тапсырмасына орай өңдеу жұмыстарының да қарқынды жүргізілгендігіне тоқталды.
– Ауданда егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны алдын ала белгіленген жоспарға сай, тиянақты атқарылды. Атап айтқанда, 2012 гектар күздік бидайдан орташа 21,3 центнерден, ал жаздық бидайдан орта 18 центнерден өнім жиналса, Сыр өңірінің негізгі дақылы 9967 гектар күріштің әр гектарынан 48,6 центнерден өнім жиналды, – деді.
Сондай-ақ, облысымыздағы төрт түлік малдың басымын өсіретін аталған ауданда нақты кезеңде 55835 бас мүйізді ірі қара, 276-3611 бас қой мен ешкі және 15322 бас жылқы, 1370 бас түйе малы өз төлі есебінен жылдан жылға көбею үстінде екендігін де айтып өткен аудан басшысы алдағы жылдары Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысында аудан жұртшылығының мұнан да тығыз байланыста тіршілік ететіндігіне сенім білдірді.
Ал еңбек озаттарын марапаттау рәсімінде сахна төріне «Үздік ауылдық округ» аталымын иеленген Қожакент ауылдық округінің әкімі Асыл Айтжанов, «Үздік шаруа қожалығы» аталымына ие болған «Тасболат-А» ЖШС директоры Бақытжан Тасболатов, «Бақ-Береке» шаруа қожалығының озат күрішшісі Шәріпхан Алиакбаров, озат жоңышқа өсіруші Әуезхан Құрманбеков, озат бақша өсіруші Мақсатхан Нысанбаев және де 10 кісі көтерілді. Оларға алғыс хаттармен бірге бағалы сыйлықтар тапсырылды.
– Жерлестерімнің мерейлі мерекесін тамашалауға арнайы Қызылордадан келдім, өзім ұзақ жылдар бойы жер мен оған сіңірген тердің бағасын білетіндіктен шаруаның әр жазының оңайлықпен өтпейтіндігін, кездескен қиыншылықтарды жеңу үшін ауызбірлік пен ынтымақ, сауатты ұйымдастыру жұмыстарының жүргізілуі керектігін түсінемін. Міне, жаңақорғандықтар сол талаптан шыға білді. Қуаныштымын, – дейді Еңбек Ері Арапбек Әбиев өз лебізінде.
Иә, еселі еңбектің ел еңсесін көтеретіні рас. Бұл Жаңақорған ауданы халқының тамаша жеңісі!
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.