
Өңірде құрылыс саласының қарқынды дамуын жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандардан көруге болады. Бұл тұрғыда құрылыстың сапалы, әрі уақытылы жүруі, бөлінген қаржының тиімді игерілуі, құрылыс сапасы секілді мәселелер бірінші орынға шығатыны белгілі.
Өңірлік коммуникациялар қызметі мен мемлекеттік сәулет құрылыс бақылауы басқармасының ұйымдастыруымен қалада салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарына баспасөз туры өткізілді. Шаһарда бой көтеріп жатқан ғимараттардың стандартқа сай сапасы тексеріліп, түрлі лабораториялық тексерістер жүргізілді.
Мәселен, Жаппасбай батыр көшесіндегі №16 үй әлеуметтік маңызы бар нысанның бірі. Кезекте тұрған 50 отбасыға арналған көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Бас мердігер – «Авангард ПГС» ЖШС. Аталған компанияның тұрғын үй саласында жұмыс жасап келе жатқанына 10 жылдан асқан. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысы Әліп Мәди құрылыс нысандарының іргетасын қалау сәтінен бастап, ішкі жұмыстарының аяқталуына дейінгі мерзімде бірнеше тексеру болатындығын атап өтті.
– Қазіргі таңда біз облыстағы әлеуметтік маңызы бар нысандардың барлығына тексеру жүргіземіз. Құрылыстың орны анықталғаннан бастап, оның іргетасы қалануы, бетонның сапасы, темір арматуралардың қалыңдығы сияқты ұсақ-түйекке дейін қадағалаймыз. Себебі кез келген өрескел қате кейін орны толмас бақытсыздық жағдайларына ұшыратуы мүмкін. Бүгінде қаладағы «Стандарт строй сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен өзара мемарандумға отырдық. Соған сәйкес, аталған мекеме мемлекеттік маңызы бар ғимараттардың құрылыс сапасын тексеруде үлкен үлесін қосуда», – деді ол.
«Стандарт строй сервис» серіктестігі 2013 жылы қайта құрылған. Тұрғызылып жатқан нысандардың құрылыс сапасын бақылаумен айналысады. Қателік кеткен жағдайда тиісті шара көреді. Серіктестік басшысы Асылбек Қалышевтың мәлімдеуінше, құрылыс компаниялары көбіне іргетасын құюда, сылақ жұмыстарын жүргізу кезінде, кірпіш қалағанда қателікке жол беріп жатады.
– Мәселен, Жаңақорған ауданында салынып жатқан әлеуметтік нысаннан кемшілік анықталып, оған олқылықтың орнын толтыру үшін уақыт берілді. Бүгінде серіктестік өз есебінен қайта қалпына келтіру жұмысын атқаруда, – деді ол.
Баспасөз туры барысында мамандар арнайы итальяндық «Шмид 2000» аппаратының көмегімен тұрғын үй іргетасының беріктігін тексерді.
Айта кету керек, серіктестік зертханаға қажетті құралдармен толық жабдықталған. Жыл соңына дейін барлық әлеуметтік маңызы бар ғимараттарға бақылау-тексеру жүргізетін болады.
Шынар БЕКБАН.