АРАЛДА ЖАС МҰҒАЛІМДЕРДІҢ СЛЕТІ ӨТТІ

  Күні кеше, №262 мектеп-гимназияда «Заманауи педагог-жаңашыл тұлғаны қалыптастырушы сәулеткер» атты тақырыпта жас мұғалімдердің аудандық слеті өтті.
Облыс пен аудандардағы білім саласының озат, шығармашыл мұғалімдері мен жас мамандар арасында ізгілікті қарым-қатынас орнату және кәсіби сұхбат жүргізу арқылы педагогикалық қызметте кездесетін мәселелерді оңтайлы шешу жөнінде кеңестер беруді көздеген слетке облыстық кадрлар біліктілігін арттыру институтының оқытушысы С.Құсейінов, облыстық оқу орталығының жалпы орта білім беру бөлімінің меңгерушісі Г.Смағұлова және «Педагогикалық шеберлік орталығының» Қызылорда қаласы бойынша филиалының тренері Г.Жақсылықова, сондай-ақ, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен жас мұғалімдер қатысты.
Слеттің ашылу салтанатында сөз алған аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы С.Жанназарова жас мамандардың кәсіби біліктіліктерін арттыруда тәжірибенің маңызы ерекше екендін атап өтіп, жан-жақты тәжірибенің жаңашылдық пен ізденіске жетелейтінін жеткізді.
Жиынға қатысушылар алдымен «Қолөнер» көрмесін тамашалады. Одан соң, дәрістер мен топтық жұмыстарға кезек келді. Осы ретте, Қызылорда облысы бойынша кадрлар біліктілігін арттыру институтының «Мұғалімнің кәсіби дамуын психо-педагогикалық қамтамасыз ету» кафедрасының аға оқытушысы Серік Құсейіновтің «Оқытудың жаңа технологияларын сабақта қолданудың ерекшеліктері», ал «Педагогикалық шеберлік орталығының» Қызылорда қаласы бойынша филиалының тренері Г.Жақсылықова «Жаңаша білім беру мазмұнын жоспарлау критериалды бағалау негіздері» атты тақырыпта өткізген дәрістерінің жас мамандарға берері мол болды. Сондай-ақ, аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі А.Құрманәлиев, әдістемелік кабинет әдіскерлері Ж.Әлжанов, Б.Құдайбергенова, Н.Молжігітова және Оқушылар үйінің әдіскері М.Сейтмамбетовалар «Педагогикалық шеберлікті арттыру жолдары», «Үйірме жұмыстарын үйлестіру негіздері», «Робототехника курсының принциптері», «Үштілділік-дәуір талабы, «Өзін- өзі тану» курсындағы патриоттық, адамгершілік құндылықтар-заман қажеттілігі» тақырыптарында дәрістер өткізді.
Слет барысы одан әрі топтық тренингтер және жаңашылдық бағыттағы аудан ұстаздарының дәрістермен жалғасын тапты.
Сонымен қатар, слет аясындағы «Жырың болып төгілейін» атты поэзия кеші мұғалімдер арасында сөз өнерін серік еткен жастардың басым екенін байқатты. Сондай-ақ, салауатты өмір салтының насихатшысы жастар эстафеталық жарыста да белсенділік танытты. 
 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қараша 2017 г. 608 0