
Биыл Қаратаудың қойнауы құтқа, Сырдың сағасы дәнге толып, дала еңбеккерлері молшылыққа кеңелді. Ала жаздай жерге сіңірген еңбек өз жемісін берді. Нәтижесінде, Жаңақорған ауданы өңірде ауыл шаруашылығы саласы бойынша үздік шықты. Яғни, аудан әкімінің тың бетбұрыстарының арқасында облыста «чемпион» атанды. Сыр диқандарының еңбегін таразылап, үздіктерге құрмет көрсетіп, алдағы межені айқындау мақсатында Нартай Бекежанов атындағы облыстық драма театрына жиналдық.
«Алтын дән-2017» салтанатты жиынын ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда диқандарын молшылық мерекесімен құттықтап, Елбасының ерекше ризашылығын жеткізді.
– «Егіншіні кетпенінің жүзі асырайды» дегендей, көктемнің кеш келуіне, жаздың аптап ыстығына қарамай еңбек еткеннің нәтижесінде биыл да соңғы төрт жылда дәстүрге айналған рекордтық көрсеткішті қайталай алдық. Биыл жарты миллион тоннадан астам Сырдың ақмаржанын қамбаға құю бұйырды. Мұның барлығы біріншіден, тынымсыз еңбектің жемісі болса, екіншіден, Мемлекет басшысының аграрлық салаға жасаған қамқорлығының арқасында, – деді аймақ басшысы.
Биыл ауыл шаруашылығы саласы өнімінің өсімі 4,1 есеге өссе, салаға құйылған инвестиция көлемі 17 есені құрады. Өнімдерді экспорттау да айтарлықтай артқан.
– Мемлекет басшысының 2021 жылға дейін экспорт көлемін бес есеге арттыруды міндеттеген межеге сай осы жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы өнім көлемі 48,3 пайызға өсті. Ал, күріштің өзі өткен жылмен салыстырғанда 53 пайызға артып, 19 мың тоннаға жетті. Ресей, Иран және Араб елдеріне көкөніс, жеміс-жидек пен 2 мың бас қой экспортталды, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Дала еңбеккерлерінің еңбегін саралаған аймақ басшысы еңбек озаттарын марапаттады. Оның ішінде, Жаңақорған ауданының алты бірдей азаматы бар. Атап айтқанда, «Еңбек ардагері» медалімен Ерғали Оразбеков, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі «Құрмет» грамотасымен Серік Ошатов және ҚР ауыл шаруашылығы саласы кәсіподағы бірлестігінің ведомостволық наградасы екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен Қайсар Сыздықов марапатталды. Сондай-ақ, «Озат бидай өсірушісі» номинациясы Ғалымжан Тұрсынбаевқа, «Озат жоңышқа өсіруші» құрметі Сейітмұрат Ибрагимовке табысталды. Ал, Ыбырай Жақаев атындағы төсбелгі «Хамит» шаруа қожалығының күрішшісі Қасиман Қоңыратбаевқа бұйырды.
– Биыл өнім, шүкір дейік, жаман болмады. Еңбек қайтты. Қырман басында жүргеніме 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Осы жылдар ішінде бидай өсірудің қыр-сырын меңгеріп, жылда ерен еңбектің арқасында күздік бидайдан көрсеткішті жаңартып келеміз. 105 гектарды агротехникалық талаптарға сай баптап, әр гектардан 37 центнер өнім алдық, – деді «Сұңқар» қожалығының бидай өсірушісі.
Ал, 2017 жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоғары көрсеткіштерге жеткені үшін «Үздік аудан» номинациясы аудан әкімі Ғалым Әміреевке табысталды. Сөйтіп, жаңақорғандық ауыл шаруашылығының мамандары керемет нәтижеге қол жеткізді. Осылайша, жаңақорғандық диқандар күздік маусымды жақсы көңіл-күймен қорытындылады.
Аудан басшысы жыл басында өнімділікті арттыратын бетбұрыстар жасады. Соның нәтижесінде өрлеу мен өсуге жол ашылды…
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ,
Жаңақорған-Қызылорда-Жаңақорған.