
Соңғы жылдары Сыр өлкесі қарқынды дамып келеді. Әсіресе, аймақтағы білім, медицина салаларын дамытуға көп күш жұмсалды. Соның арқасында биылғы мектеп бітірген түлектердің 97 пайызы жоғары және арнаулы орта оқу орындарына түсті. Сондай-ақ, «Денсаулық» бағдарламасын орындау аясында медициналық ұйымдардың медициналық техникамен қамтамасыз ету көрсеткіші 45,19 пайыздан, 73,4 пайызға дейін өсті.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкі¬мінің орынбасары Руслан Рүстемов айтып өтті. Аталған баспасөз жиынына әлеуметтік салаға байланысты барлық басқарма басшылары қа-тысты.
Брифингте Мемлекет басшысының ұрпақ болашағы үшін білім саласының алдына қойған 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту, үш ауысымдық білім беруді болдырмау, апатты мектептер орнына жаңа мектептер құрылысын салу жөніндегі негізгі үш тапсырмасы облыста мерзімінен бұрын орындалғанын мәлім еткен Руслан Рүстемұлы бірқатар Сыр жастарының Ресейде оқып жатқанын жеткізді.
Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Қызылорданың 452 жасы грант негізінде білім алуда. 2013 жылы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан, әсіресе, талапты ауылдық жерлердің балаларына аймаққа қажетті мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін әкім гранты тағайындалған. Бүгінде 694 бала грант иегері болып отыр. Сонымен қатар, «Серпiн» бағдарламасы бойынша 4 мың жас оқып жатыр.
Облыста дене шынықтыру мен спортты дамытуға да кеңінен көңіл бөлінген. Бұқаралық спортты дамыту үшін бүгінгі таңда мемлекеттік - әлеуметтік тапсырыс шеңберінде бюджеттен 113,7 млн. теңге бөлініп, 270 спорт нұсқаушысы 133 елді мекенді қамтып, 41 040 мың адамды тұрақты дене шынықтырумен шұғылдануға баулып келеді.
Соңғы 2 жылда медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, ауысымына 250 келушіге арналған Жалағаш, Қармақшы, Сырдария аудандарында орталық аурухана ғимараттары, 200 төсектік облыстық балалар ауруханасы және 30 дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік бекеттер салынып, қолдануға берілді. Осы жылы Арал аудандық ауруханасының құрылысы басталды. Шиелідегі аурухананың да мәселесі шешіліп, оның құрылыс жұмыстары келер жылы басталады деп күтілуде.
Аймағымыздың тарихи-мәдени нысандарының бірі Қорқыт ата кешені Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің нысандар тізбесіне еніп, Қызылорда облысын әлемге танытқаны белгілі. «Қорқыт Ата» кешенін және маңынан ашылған этноауылды республика өңірлерінен ғана емес, Ресей, Голландия, Франция, Германия, Жапония, Польша сияқты шет мемлекеттерден де туристер келіп, қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне тереңірек қанықты.
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауынан туындайтын басым бағыттардың бірі «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында азаматтардың ақпараттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Электронды архив», «Электронды кітапхана», «Виртуалды музей» ақпараттық жүйелері енгізілді.
Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өңірлік офис құрылып, жұмыс жасауда. Осы уақытқа дейін барлығы 82 жоба жүзеге асырылуда. Ең алдымен бағдарламаның ішіндегі бүгінгі күні қоғамда кеңінен талқыланып жатқан «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бекітілді. Латын әліпбиіне көшу мәселесі бойынша бұған дейін облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, барлық елді мекенде болып, аймақ тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
«Қазақстанның рухани құндылықтары» және «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары аясында ежелгі Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары сәтті жүргізіліп, Қазақстанның киелі жерлерінің картасына республикалық маңызы бар 12 ескерткіш енгізілді.
Баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары осы сынды мәліметтерді баяндады. Соңынан журналистер көкейде жүрген сауалдарын қойып, көңілге қонымды жауаптарын алды.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.