
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында «ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» өңірімізде орындалуы туралы тақырыбында партиялық тыңдау өтті.
Жиынға ауылшаруашылық, ветеринария, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, кәсіпкерлік және туризм, жер қатынастары басқармалары, қалалық ауылшаруашылық бөлімі, облыстық кәсіпкерлер палатасы, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы, жеке шаруа қожалық төрағалары, үкіметтік емес ұйым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев биылғы жылы Елбасының тапсырмасымен «Агробизнес-2020» бағдарламасы мен «Қазақстанның су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасы» біріктіріліп, «ҚР Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілгендігін атап, бағдарламаның басты мақсаты – нарықтарда сұранысқа ие бәсекеге қабілетті өнімдердің өндірісін қамтамасыз ету екенін айтты.
– Еліміз өзінің тәуелсіздігіне ие болған кезде үлкен ауыртпалықтарды бастан өткерген салалардың бірі осы ауыл шаруашылығы болатын. Бүгінде ауылшаруашылық саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаулар мен жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар жетіп жатыр. Біздің ауылшаруашылық өнімдерімізге сұраныс та айтарлықтай. Сондықтан бұл бағытта әлемдік тәжірибелерді пайдаланып, жұмыстарды жетілдіру керек. Еліміздің басты саяси күші ретінде «Нұр Отан» партиясы бұл маңызды мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысын үнемі бақылауда ұстайтын болады, – деді И.Құттықожаев.
Өз кезегінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында атқарылған жұмыстарды баяндап, нақты міндеттерге сәйкес деректер келтірді.
Атап айтар болсақ, өңірде ағымдағы жылы индикативті іс-шара жоспары бойынша 20-дан астам жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен барлығы 19 ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоспарланып, қазіргі таңда 1050 жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуімен 43 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, олардың 23-і құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бағдарламаның нарықтың сұранысқа ие өнімдерді өндіру және отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту бағыты бойынша облыста бірінші кезекте жоғары экспорттық табыс табу секторларына күріш, бақша өнімдері, балық, жылқы, сиыр және қой еттері белгіленіп, «Магро» фермерлік шаруашылығы биыл Ресейдің «Магнит» сауда желісі арқылы бүгінгі күнге 32 тонна тәтті бұрыш және 78 тонна пияз экспортталған. Ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында облыс бойынша 56 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 48,3 пайызға немесе 18,2 мың тоннаға артқан. Оның ішінде экспортталған күріш көлемі 53,2 мың тоннаны құрап отыр. Сондай-ақ, Иран Ислам Республикасында сұранысы жоғары «Торем Хошеми» сортын өндіру қолға алынып, Қытай мемлекетіне күріш салысын өткізу мәселесі пысықталуда», – дейді басқарма басшысының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов.
Шара қорытындысында облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев партиялық тыңдаулар әрбір салаға қатысты өзекті мәселелерді анықтаумен қатар, оның шешімін табуына ықпал ететіндігін жеткізіп, айтылған ұсыныс пікірлердің барлығы Орталық партия аппараты арқылы тиісті органдарға жолданатынын жеткізді.
Шынар БЕКБАН.
АНЫҚТАМА: Еліміздің егіншілік тарихында күріш өндіруден биыл облыс күрішшілері 5-ші жыл қатарынан рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Атап айтар болсақ, 91 мың гектар күріштің әр гектарынан 55,3 центнерден өнім алынып, ел қамбасына жарты миллион тоннадан астам Сыр маржаны жиналды.