
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Қанатбек Серікбаев БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, жылдың 9 айында атқарылған шараларды баяндады.
Өңір аталған сала бойынша жыл басынан бері жасалған жұмыстардың сапасы жөнінен республикада Атырау облысынан кейін екінші орында. Басқарманың бастамасымен түрлі деңгейдегі шаралар жүзеге асырылған. Атап айтсақ, «Бағдаржол», «Жол картасы», «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдаланудың ведомствоаралық әрекеттестігі», сонымен қатар, биылғы жылдың бірінші және екінші жартыжылдығында жерді пайдалану мен қорғауға ішінара тексерулердің тізімі бекітілген. Осы секілді жоспарлы жұмыстар барысында 83490 гектар жер учаскесі тексеріліп, нәтижесінде 330 заң бұзушылық дерегі анықталды. Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, заң бұзушылық әрекеттердің бірқатарына 20 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, бірқатарына ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылған.
– ҚР заңнамасын бұза отырып, пайдаланылып жатқан 17 жер учаскесін мәжбүрлеп қайтару үшін сотқа талап-арыз жолданды. Нәтижесінде 11 жер учаскесін мемлекет меншігіне өткізуге сот шешімі қабылданса, 2-і қанағаттандырылмай, 4-і соттың қарауына қалдырылды, – дейді ол.
Сонымен қатар, басқарма тарапынан жоспардан тыс бақылау, тексеру жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді.
М.ҚҰРМАНӘЛІ.