
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағанбетов жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар жайлы баяндап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Айталық, аталған уақыт аралығында облыс көлемінде 54 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелген. Оның ішінде жаз маусымында адамдардың суға кету жағдайлары жиі орын алып отырғаны алаңдатарлық жайт. Себебі, биыл 43 адам, оның ішінде 13 жасөспірім тілсіз жаудың құрбаны болған. Дегенмен, қайғылы жағдайлардың орын алуы көп жағдайда адамдардың жалпы қауіпсіздік шараларын қаперіне алмауынан, сол сияқты кейде азаматтардың жеке тәртіпсіздігі салдарынан туындап жатады. Әсіресе, жасөспірімдердің қайғылы жағдайға ұшырауына ата-ананың қадағалаусыз қалдыруы басты себеп болып отырғанын айтып өткеніміз жөн.
Сонымен қатар, аса қауіпті табиғи індет – кене шағудан жұғатын Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алу бағытында тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл орайда биылғы жылы облыс бюджетінен бөлінген қаржы есебінен барлығы 126 елді мекенге көктемгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген болса, күзгі маусымда тағы 15 елді мекен анықталып, 141 елді мекен залалсыздандырылды. Айта кетейік, биыл залалсыздандыру жұмыстарының тиімділігі 99,7 пайызды құрап отыр.
Көктем айларында республикамыздың 7 облысында су тасқынының орын алуына байланысты Қазақстан Республикасының Энергетика, Инвестициялар және даму, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен «2017-2020 жылдарға арналған «Тасқын су қатерінің алдын алу және оны жою жөніндегі шаралар кешені» жол картасы бекітілді. Аталған жол картасына сәйкес 19,3 млрд теңгені құрайтын 155 жоба енгізіліп отыр. Оның ішінде 1-ші кезеңге жоспарланған 4,1 млрд теңге көлеміндегі 50 жобаның 20-сы облыстық бюджет есебінен және 3,6 млрд теңге құрайтын 30 жоба республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады. Ал 2-ші кезеңінде 15,2 млрд теңгені құрайтын 105 жоба қаралып отыр.
Бүгінгі таңда жол картасының 1, 2-ші кезеңдері бойынша республикалық бюд¬жеттен атқарылатын 74 жобаның 17-де жөндеу жұмыстары аяқталып, 12 жоба бойынша жұмыстар жалғасуда. Сонымен бірге, нақтыланған жобалардан бөлек қосымша нысандарда жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары атқарылуына байланысты аталған жол картасына өзгерістер енгізу жөнінде ҚР Ішкі істер министрлігіне облыс тарапынан ұсыныстар берілді. Алдағы қыс, көктем айларында су тасқынының алдын алу шараларына байланысты қала, аудан әкімдіктері тарапынан дайындық жұмыстары басталды. Айта кетейік, өткен жылы су тасқынынан бұзылған «Жалағаш – Жосалы» автожолына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады деп күтілуде.
Сондай-ақ, Жұмылдыру дайындығы бас¬қармасы тарапынан мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары талап деңгейіне сай ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына көктемгі шақырылымда 830 азамат, күзгі шақырылымда 255 азамат іріктеліп, жіберілді. Қазіргі таңда жұмылдыру дайындығына байланысты облыс бойынша арнайы жоспар әзірленіп, бекітілді. Бұл бағытта 8 облыстық басқарма, қала, аудан әкімдері және мемлекеттік жұмылдыру тапсырыстары бар кәсіпорындар мен мекемелер жұмыс жүргізеді.
Ғазиза ӘБІЛДА.