Жаңақорған. Жаңақорған кентінің тұрғыны Жәнібек Құламетов соңғы екі-үш жылдың көлемінде есік алдында жылыжай салып, көкөніс өсірумен айналысып келеді. Одан түсіп жатқан өнім де көңіл демдерліктей.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол кісі 2012 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 1,5 млн. теңге көлемінде 8 пайызбен несие алған. Соның арқасында есік алдындағы 2 сотық жерге 4 жылыжай орнатты. Жылыжай толықтай темірден орнатылған. Үстіңгі бөлігі суық ауа өткізе қоймайды. Жабылған кленка 4 жылға дейін шыдас береді. Қазіргі күні арнайы ыдыстарда 3000 түп қияр, 3000 түп қызанақ тұқымы өсірілуде. Тұқым голландиялық болып табылады. Олар өсір көшет болғаннан кейін наурыз айында жылыжайға отырғызылып, сәуір айынан бастап саудаға шығарылады екен. Былтыр жылыжайдан 16 мың тонна қияр, 10 мың тонна қызанақ өнімі жиналған.