
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Еңбек күніне және Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамына қарай» республикалық форумы өтті.
Салтанатты жиынға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова қатысты.
Аталған шара аясында Еңбек күніне арналған фотокөрме, «Еңбек жолы» мен «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, еңбек ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Еңбек күні мерекесі Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген еді. Аталған мереке өзінің адал еңбегімен егемен Қазақстан экономикасының дамуы мен қалыптасуына үлес қосқан еңбеккерлерге алғыс білдіруге арналған.
Форум барысында Қазақстан экономикасының өркендеуіне зор үлес қосқан 8 ардагер «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова алғаш болып КСРО халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бибігүл Төлегеноваға «Еңбек ардагері» медалін табыстады. Келесі марапатталған медицина ғылымдарының профессоры Мақаш Алияқпаров денсаулық сақтау саласында 49 жыл еңбек етіп, көптеген ғылыми еңбектер жазған. Бұл марапатқа, сондай-ақ, Қаншай Жолдыбаева, Серікбол Оңалов, Әнуар Түкенов, Жәкен Таймағамбетов, Николай Удалов, Сергей Чекалин тәрізді аға буын өкілдері ие болды.
«Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы» идеясын ілгерілету үшін, 2016 жылы министрлік еңбек әулеттері мен өндіріс еңбеккерлерінің арасында өткізілетін «Еңбек жолы» республикалық байқауын жариялағаны белгілі.
Салтанатты жиында байқау аясындағы «Үздік еңбек әулеті» болып Ақтөбе облысындағы теміржол саласында 423 жыл шежіресі қалыптасқан Жұбанышевтар әулеті атанса, «Жас ұрпақты еңбекке ерекше баулығаны үшін» арнайы атағын Қазақстанның Еңбек ері Иван Сауэр Батыс Қазақстан өңірінің электр маманы Тілек Харинге табыстады. «Өндірістің үздік жас жұмыскері» атағы мектеп мұғалімі Нұрсұлтан Аббасинге берілді. «Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» атағын Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Қайрат» балабақшасының меңгерушісі Нұржамал Төлеуова еншіледі.
Сонымен қатар, мерекелік шарада, Еңбек күні қарсаңында әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үздік қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Олар «Зейнетақы жүйесінің үздік қызметкері», «Әлеуметтік сақтандыру жүйесінің үздік қызметкері», «Үздік әлеуметтік қызметкер», «Медициналық-әлеуметтік мекеменің үздік қызметкері», «Үздік әлеуметтік үкіметтік емес ұйым», «Жұмыспен қамту орталығының үздік қызметкері», «Әлеуметтік саланың үздік ұйымдастырушы-менеджері», «Медициналық-әлеуметтік сараптаманың үздік қызметкері» және «Үздік мемлекеттік еңбек инспекторы» атты тоғыз аталым бойынша марапатталды.
Мерекелік шарада облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының Мүгедектерге арналған оңалту орталығы «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» номинациясы бойынша екінші орынға ие болды.
Екі конкурсқа біздің өңірден қатысқан лауреаттар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алғыс хатымен, естелік сыйлықтармен марапатталды.