
Облыс бойынша нақты кезеңде барлығы 242 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олардың ішінде; мал шаруашылығы саласында – 77, егіс саласында – 52, көпсалалыда – 1106, өңдеуде – 1 және су шаруашылығында – 1, көкөністе 1-і еңбек етуде.
Осы кооперативтерде барлығы 2872 мүше бірігіп, ауыл шаруашылығымен шұғылдануда. Уақыт талабына сай жұмыс ұйымдастыруда Жаңақорған ауданы алдыңғы лекте келеді. Мәселен, аймағымыздың оңтүстігіндегі ең шеткі ауданда «Агробизнес-2020» бағдарламасын мемлекеттік қолдау бағытында, қазіргі уақытта егіншілік, өнімдерді қайта өңдеу және мал шаруашылығымен айналысатын 46 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. Олардың арасында 9 кооператив 266 жеке отбасылық тұлға мал шаруашылығымен, ет, сүт өндіру бағытында жұмыс жүргізеді. Ауылдық округтерде жеке қосалқы шаруашылықтардың мүмкіншілігіне қарай, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру негізінде жұмыстар жалғастырылу үстінде.
Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреевтің басшылығымен алғашқы кезекте аудандағы әрбір ауылдың әлеуетін зерделеу жұмыстары жүйелі жүргізілді. Осы тұрғыда тиянақты жұмыс атқарған мамандар тобы Қожакент ауылдық округін үлгі ретінде қамдастырды десек болады. Мемлекеттік «50 ауыл» бағдарламасы аясында пилоттық жоба таңдалып, сол бағдарлама арқылы осы елді мекендегі 65 жеке отбасылық шаруашылық мүшесінің 59 мүшесі «Миялы» ауыл шаруашылығы кооперативіне бірікті. Оларға 172,9 млн теңге несиеге 617 бас мүйізді ірі қара, 110 бас жылқы алынып, бордақылау жұмыстары айлар бойы тоқтаусыз жүргізілді. Сонымен қатар, 1 модульді мал сою пунктін алу бағытында да жұмыс қолға алынған. Ол ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің тарапынан қолдау тапты.
Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту барысындағы екінші қолға алынған жұмыс Аққорған ауылдық округіне қарасты «Сәдір-Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 24 мүшесі 46,1 млн теңге несие алып, бүгінде олар мал бордақылау бағытында жұмыс жасауда. Ұжым мүшелерінің жеке қосалқы тұлғалардан құрылғандығын ескерсек, мұнда да өзара бәсекелестік артатындығы сөзсіз. Бұл мал бордақылау жұмысының сапалы да пайдалы болуына негіз қалайды.
Ендігі бір мәселе, Жаңақорған кентіне қарасты «Нұрлы-Жол бірлестігі» жеке қосалқы тұлғалардан құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 82 млн теңге несие алып, мал бордақылау бағытында жұмыс жасау үстінде.
Аудан орталығына жақын орналасқан Өзгент ауылдық округінде де осы бағытта оңды нәтижелер өріс алуда. Атап айтқанда, «Ақбұлақ-Б» жеке ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 22 мүшесі бірігіп, сүт өндіру бағытында жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, сүт қабылдау цехын ашу бағытында да жұмыстар қолға алынған. Ауданның Келінтөбе, Сүттіқұдық, Қожамберді, Бесарық ауылдық округтерінде іріленген кооперативтер құрылып, олардың құрамына жеке отбасылық тұлғалар тартылды. Ондағы шаруашылықтар да аталған бағытта өз істерін ашып, одан әрі өрістететін болады. Қазіргі кезде несие алуға қажетті құжаттары сарапталу үстінде.
Иә, бытыраңқы шаруашылықтарға қарағанда іріленген құрылымдардың ел Үкіметі тарапынан қолдау табуына мүмкіндік мол. Уақыт көрсеткендей, қазіргі нарықтың талабы – ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту арқылы ауыл адамдарының атакәсіппен шұғылдануына жол ашу. Яғни, оларға жаңа жұмыс тауып беру әлеуметтік жағдайларын да көтереді. Осы өзекті мәселе Жаңақорған ауданында оң шешімін табуда.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.