ШАҒЫН КӘСІПТЕН БАСТАЛҒАН ШАРУАШЫЛЫҚ

Ағайынды Есқожаевтарды Қазалы ауданында көбі біледі. Олар отбасылық бизнесті дамытып, шағын кәсіпті іргелі шаруашылыққа айналдырған. Қызығы, бұл бизнес базардан басталған еді.
Тоқсаныншы жылдар. Тоқырау кезеңі. Бердібайдан тараған балалардың үлкені – Мереке қиыншылықтан қысылмай шығу үшін саудамен айналысу керек деп шешті. Қасына Мерей мен Медеу бауырларын ертіп алып базарда ұн, қант, өсімдік майын сатты. Сол аралықта Мерей әскерге кетіп, борышын өтеп болғасын үйреншікті шаруасына қайта араласты. Алматыдағы қытайлық компаниядан екі диірмен сатып әкелді. Ескі нан зауытының қоймасын жалға алып, цех ашты. Қазалыда егілген күрішті өздерінде ақтайтын болды. Облыс орталығына шапқылай бергеннен құтылды. Бір жағынан егін егетіндерге тұқым, тыңайтқыш, техника жеткізіп беріп жүрді. Қармақшыдан қара күріш әкеліп, жергілікті шаруашылықтарға таратты.
Ағайынды жігіттердің шаруасы алға жылжи берді. Бірте-бірте цехтың ауқымын кеңейту қажет болды. Сол үшін 2007 жылы Қазалы қаласындағы кеңес заманының көзіндей автобазаның ғимаратын толығымен жөндеп, күріш ақтайтын зауытқа айналдырды. Он жыл бұрын жұмысы жанданып, салтанатты түрде ашылған нысанның игілігін бүгінде ел көріп отыр. Күрмегінен тазартылған Сыр салысы өзімізден артылып, еліміздің түкпір-түкпіріне, қала берді, ТМД аумағындағы мемлекеттерге жөнелтіліп жүр.
Мерей Есқожаев – қазір Қазалы ауданының Қожабақы ауылындағы «Агро-Өркен» серіктестігінің бас құрылтайшысы. Қарамағында 50 адам жұмыс істейді. Егіс даласындағы тірлікке 23 техника жегілген. Диқандар биыл да егінді жылдағыдай ұйымшылдықпен жауын-шашынның астында қалдырмай, төкпей-шашпай жинап алды. Кәсіпкер өткенде шаруашылық құрылғалы бері табан аудармастан тынбай еңбек етіп келе жатқан бірқатар жұмысшыны марапаттады. Оның ішінде үздік егінші Кеңес Шайыққа – «Нива», үздік механизатор Жеңіс Қошқарбаевқа «Лада приора» көліктерін мінгізді.
Жер жыртып, күріш жинауға дейінгі ақшалай шығынға серіктестік қожайыны үнемі инвестиция құйып отырады. Жұмысшылардың тұрмыстық жағдайы да жіті назарында. Әйтеуір, еңбекті ескерусіз қалдырған емес. Одан бөлек, Қожабақы ауылының тыныс-тіршілігіне көмектесуді азаматтық парызы санайды. Балалардың, ардагерлердің демалысын ұйымдастыруға, тұрғындарды аяқсумен қамтамасыз етуге, басқа да әлеуметтік мәселелердің шешілуіне әрдайым ықпал етуге әзір.
Ауыл шаруашылығы саласындағы маңдай тердің өтеуі шығар, осыған дейін кәсіпкер басқаратын шаруашылық талай марапат биігінен көрінді. 2007 жылы – «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер», 2012 жылы – «Өнім өндіру және өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер», төрт жыл қатарынан «Өнім өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер» атанды. Былтыр еңбектегі үздік жетістігі үшін ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы тағайындаған III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудесіне тақты. Сондай Қазалы ауданының 2016 жылғы «Жастар жанашыры» номинациясының иегері.
– Келесі жылы біз 1000 гектар жерге – күріш, 300 гектар жерге жоңышқа дақылын егуді жоспарлап отырмыз. Қазір өзімізге тиесілі аумақта сүрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – дейді М.Есқожаев.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.
Қазалы ауданы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қазан 2017 г. 634 0