
Төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреген Қармақшы ауданы бүгінде қайнаған еңбектің қайнар көзі іспетті. Бұлай деуге негіз бар. Өйткені, ауданның асыраушы саласында жаңа бастамалар қолға алынып, оң көрсеткіш байқалды. Тынымсыз еңбек жемісін берді. Даңғайыр диқандар егін орағын ойдағыдай аяқтап, ел қамбасына астықты еселеп құйды.
Мамандардың айтуынша, биыл ауданда 23702 гектар жерге әртүрлі егіс, бақша дақылдары егілген. Оның ішінде 14209 гектар жерге ауыл шаруашылығы саласының негізгі өнімі болып табылатын күріш дақылы отырғызылыпты. Еңбекшілердің тілегі ескерусіз қалмады. Ардақты жандар ала жаздайғы бейнеттің зейнетін көріп отыр. Егін бітік шықты. Ең бастысы, табыс өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. 84544 тонна Сыр салысы жиналып, егілген күріштің әр гектарынан 59,5 центнерден өнім алу қамтамасыз етілді. Бұл – еліміз егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Сондай-ақ, жаздық бидайдан 2424 центнер, мақсарыдан 1960, картоптан 9512, бақша дақылдарынан 11220 тонна өнім жиналды. Ал егін жинау жұмыстарына 151 трактор, 95 комбайн, 62 жүк автокөлігі мен 139 трактор тіркемесі жұмылдырылған. Аграрлық саланың әлеуетін арттырып, оны тиімді бизнес көзіне айналдыруға мемлекет тарапынан қолдау бар. Минералды тыңайтқыштар үшін аудандағы 13 шаруашылыққа 208,0 млн теңге, гектарлық субсидиялауға 18 шаруашылыққа 290,0 млн теңге мен гербицидтер үшін 118,8 млн теңге субсидия бөлінген. Саланың ілгерілеуіне үлес қосқан “Жаңажол”, “Ақтөбе и К”, “Тұрмағамбет” секілді серіктестіктерге халықтың ризашылығы зор. Олар бүгінде күрішті орып та, бастырып та болды. Жұмыла іске кірісіп, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді.
Ауданда бұдан бөлек атқарылып жатқан шаралар ауқымы кең. Жуырда Ақтөбе ауылында аймақ үшін маңызды кәсіпорынның іргетасы қаланды. Игі бастаманың салтанатты сәтіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, тұрақты сұраныстағы инвестициялық жоба ауылдағы ағайынның әл-ауқатын көтеруге септігін тигізетінін айтқан болатын. Расында, құс етін өндіретін фабрика алдағы уақытта қармақшылықтардың қажетіне жарамақ. Шаруашылық жетекшісі, “Ақтөбе и К” ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы негізінде жүзеге асқан жоба жаңа бағыттарды қамтитынын алға тартады. Шаруашылық құсқа қажетті жем-шөпті өздерінде дайындауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мемлекеттен ауылдарда жем-шөп көлемін ұлғайту мақсатында егінге қажетті жерлерді ашуға қаржы қарастырылуда. Енді серіктестік алдында осы бағдарлама негізінде жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Кәсіпорын іске қосылғанда жылына 1500 тонна құс еті өндірілмек.
Соңғы жылдары аталған салада кооперативтер құру мен сүт, ет өнімдерінің көлемін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Байыпты бастамаларға жұртшылық куә. Бұл тек атқарылған іргелі істердің бір парасы. Межеленген жұмыстар әлі де баршылық. Ендеше, елге ризық, халыққа несібе әкелер ауыл шаруашылығы саласының берері көп, берекесі мол болсын демекпіз.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.