
Халық даналығында «Әлемнің әміршісі – еңбек» деген тәмсіл бар. Бұл сөзден хәкім Абайдың «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылына жауап табуға да болады. Ердің еңсесін де, елдің еңсесін де еңбек көтереді. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» дегенді өмірлік қағида етіп, несібесін жерден теретін диқанның бірі – сырдариялық Батырбек Сарыбаев.
Әңгімемізге арқау болған Батырбек ауылдастарының айтуынша, жастайынан елгезек, еңбекқор жан екен. Ол 1977 жылғы 9 қыркүйекте Сырдария ауданының Қалжан ахун ауылында өмірге келген. Әкесі Қуандық отбасында үнемі адалдық пен шыншылдық туралы әңгіме айтып, ұрпағының да адал еңбекті ту етуіне жол салыпты.
Әке тәрбиесінен тағылым алған Батырбек 1984-1994 жылдары №126 орта мектепте оқиды. Мектеп бітіргеннен кейін «Оспан Нәлібаев» атындағы шаруашылықта жұмысшы болады. Осылайша, буыны бекімей, бұғанасы қатпай жатып, еңбекке араласып кете барады. Ол 1996-1998 жылдары Қарағанды қаласында әскерде болып, Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келгеннен кейін 1999 жылдан бастап «Қалжан ахун» шаруа қожалығында күрішші болып жұмыс жасайды. Ол бұл жерде әкесімен бірге еңбек етіп, Қуандық ағамыздан күріш егу мен оны күтіп-баптаудың қыр-сырын үйренеді. Араға жыл салып күрішті өзі еге бастайды.
Қалжан ахун ауылының әкімі Ғалымжан Акбаров оның күрішшілер әулетінен шыққан еңбеккер екенін айтты.
– Батырбек осы ауылдағы «Бақ» шаруа қожалығында күрішші болып жұмыс жасайды. Оның әкесі Қуандық Сарыбаев ағамыз да күрішші болып еңбек еткен. Ол кісі бейнеттің зейнетін көріп отырған қадірлі қария. Бұл тұрғыдан келгенде Батырбекті әке ісін жалғастырушы, жолын қуушы ұл ретінде атап өтуге болады, – деді ол.
Жылдар зырғып өте береді. Батырбек күріш егуді жалғастырып, оны өсіруде білікті маманға айналады. Осыдан 4 жыл бұрын ауылдағы негізгі шаруашылық «Қалжан ахун» атын өзгертіп «Бақ» шаруа қожалығы болып құрылды. Бүгінде бұл шаруашылықты ел сенім артқан Серік Әбжәлиев есімді азамат басқарады. Ол Батырбек Қуандықұлын жылдан жылға тәжірибесі жетіліп келе жатқан күрішші ретінде атап өтті.
– Батырбек өте еңбекқор адам. Ол күннің аптапты ыстығы мен ызғарлы суығына төзіп, өзгелерге үлгі болып жұмыс жасайды. Жаз мезгілінде таңның атысынан күннің батысына дейін егістік басында болады. Өзіне бекітілген 37 гектар күрішті агротехникалық талапқа сай күтіп-баптады. Нәтижесінде күріштің әр гектарынан 95,4 центнерден өнім алды, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Кейіпкеріміз Анар Қойшыбаевамен отбасын құрып, бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Батырбектің өзі өткен жылы да жоғары өнімге қол жеткізгенін, алдағы уақытта да осы биіктен түспеу үшін барын салатынын жеткізді.
Жалпы, ұлт сөзі ұғымды ғой, жігіттің «Қырықта қырға шығады» дегені рас болды.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Сырдария ауданы,
Қалжан ахун ауылы.