БИДАЙДЫҢ БАҒАСЫН ЕККЕН БІЛЕР

Бидай – облыстың оңтүстік аудандарына тән дәнді-дақыл. Сондықтан Жаңақорған ауданы үшін бидай егудің маңызы зор.
Біз тілдескен бидай өсіруші Ғалым Тұрсынбаев дақылдан мол өнім алған диқанның бірі. Ол Қаратөбе ауылдық округіне қарасты «Сұңқар» шаруа қожалығының озат еңбеккері. Шаруашылықта күріш те, мақсары да, бидай да егіледі. Биыл қожалық 270 гектарға күздік бидай еккен еді. Соның 105 гектары Ғалымның қарамағында болды.
– Бидай өте нәзік, масағы да жұмсақ, дәні жұмыр әрі жылтыр, сабағы қуыс келеді. Күздік бидайдан мол өнім алу үшін олардың тұқымы ылғалы аз, қуаң аймақтардағы ауыспалы егістен кейін, немесе таза сүдігерге егілгені керек. Әрине, бидай себуге арналған топырақты сыдыра қопсытып жыртқан жақсы нәтиже береді. Оңтүстіктегі суармалы сұр топырақты аудандарда күздік бидай егілетін жер аудара жыртылады. Егістікте себілетін тыңайтқыштардың түрі мен мөлшері себілген дақылға және топырақтың құнарлылығына байланысты. Оған мейлінше азот тыңайтқышы беріліп, өңделеді. Қазір Қазақстанда бидайдың 29 сорты аудандастырылған болса, біз бұл жолы «Красный водопад» сортын пайдаландық. Соның нәтижесі жаман шықпады, – дейді диқан.
Расында, аз сөйлеп, семіз шығатын ауылдағы  еңбеккер әңгімесінің жаны бар. Ала жаздай дамыл таппай, егіннің жайын баққан азамат мол өнім жинады. Ол әр гектардан 37 центнерден өнім алып, 388 тонна алтын дәнді қамбаға құйды.
Ғалымның еңбек жеңісі  отбасының да мерейін асырып отыр. Киелі кетпені қолынан түспей дала қосында жатып, бейнет кешкені бүгінде ұмытылғандай. Молшылық оның шаршағанын басты, шаруасын ширата түсті.
Қаратөбелік азаматтың қарбаласқа  үйренген еңбеккештігі, міне, ырысқа жолықтырды, несібесін арттырды. «Еңбек ерлікке жеткізеді, ерлік елдікке жеткізеді» деген осы шығар.

Қ.ҚҰРБАН.
Жаңақорған ауданы,
Қаратөбе ауылдық округі.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қазан 2017 г. 866 0