ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУДЫҢ БАТЫЛ ҚАДАМЫ

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким  жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар қорытындысымен журналистерге арнап брифинг өткізді. Алдымен кәсіпкерлік және туризм саласының аяқалысын сөз еткен хабарламашы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны  артқанын айтты.
Өңірлік үйлестіру кеңесінің отырыстарында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау үшін жалпы құны 5,8 млрд теңгеге 107 жоба мақұлданды. Биылғы несие портфелінің сомасы екі еседен артық, яғни 3,2 млрд теңгеге ұлғайған, ал қаржыландырылған жобалардың саны 63-ке артқан. Сонымен бірге, ішінара кепілдендіру бойынша жалпы құны 525 млн теңге болатын 47 жоба мақұлданды. Жыл соңына дейін кәсіпкерлерге мемлекеттік кепілдіктер ұсыну үшін 25 млн теңге қосымша қаражат бөлінді.
Оған қоса өңірлік үйлестіру кеңесі мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бойынша жалпы құны 110 млн теңгені құрайтын 114  жобаны мақұлдады.  «БЖК-2020» бағдарламасы шеңберінде «Бизнес-Кеңесші» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қысқа мерзімді курстары жүргізіліп,  барлығы 1466 адам оқыған.
Ауылдарда және Қызылорда қаласында микрокредиттер беру үшін 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Оның басым бөлігі ауылдарға бағытталған.
Бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының бойында жол бойы сервисі объектілерін дамыту бойынша жұмыстар қарқынды түрде жалғасуда. Объектілерді салу үшін 41 нүкте анықталды. Оның 16-сы іске қосылып, 546 тұрақты жұмыс орны ашылды. Қонақ үйлер, кафелер, жанармай құю станциялары, автокөлік жуу және т.б., яғни, туристердің қажеттіліктеріне сай нысандар жолаушылардың сұранысына орай қызмет көрсетіп тұр. Алдағы жылдары тағы 25 жол бойы сервисі іске қосылмақ. Магистраль бойымен тәулігіне 800-ден астам жүк көлігі мен 5,5 мыңнан астам жеңіл көлік өтетінін ескерсек, сервистік қызметтің аясын кеңейте түсу уақыт талабынан  туындап отыр.
Өңірдің даму қарқынын сипаттайтын барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң нәтижеге қол жетті.
Мұнай кен орындарында қысым қабатының мөлшерден тыс сулануы мен кейбір кен орындарында мұнайдың түгесілуіне байланысты, шикі мұнай өндіру көлемі орта есеппен 12 пайызға азаюда. Нәтижесінде, тек соңғы 5 жылда мұнай өндіру көлемі 4,2 млн тоннаға, жыл басынан бері 691 мың тоннаға қысқарды. Әйткенмен, өңдеу саласындағы өндірістер 6,2 пайыз өсімді қамтамасыз етті. Өңдеу секторындағы тұрақты өсу қарқыны 2014 жылдан бері сақталып келеді. Облыс экономикасының әртараптандыру жұмыстары  индустриалды бағдарлама аясында жалғасуда. Бағдарлама арқылы 20 жоба іске қосылып, 16-сы бүгін толық өндірістік қуаттылықпен жұмыс істеп тұр. Тоғыз айда іске қосылған жобалар  15,8 млрд теңгенің өнімін өндірді.
Экспортталған өнім көлемі құны 4,5 млрд теңге болатын 161,2 мың тоннаны (тұз, балық, пропан-бутан, аммоний метаванадаты) құрайды, ал біздің өнімдер экспортталатын елдердің саны 8-ден 11-ге көбейді.
Арал ауданында өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасындағы құны 280 млн теңге құрайтын 2 жобаның іске қосылуы жоспарланған. Оның ішінде, «Жаңа Арал» ЖШС-ның қаптама кірпіш өндірісі тамыз айында іске қосылды. Жыл соңына дейін «Арал құрылысы» ЖШС-ның «Асфальтбетон зауытының құрылысы»  жобасын іске қосу жоспарланған.
Алдағы жылы шыны зауыты, үш оксидты молибден өндірісі, қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы іске қосылады деп күтілуде. Қазақстан-Қытай бірлескен жобалар қатарында облыс бойынша 3 жобаның  іске асырылуы жалғасуда. Олар – тампонажды цемент шығаратын, кальцийленген сода өндіретін және томат пастасын өндіретін зауыттар. Өндіріс саласын әртараптандыру аясында металлургия бағытында «Шалқия»  және «Баласауысқандық» кеніштерін игеру жобалары жүзеге асырылып жатыр.
Ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу нәтижесінде негізгі капиталға салынған инвестиция көрсеткіші 8 пайызға өсті. Жыл соңына дейін ірі инвестициялық жобалар бойынша 25-30 млрд теңге игеру жоспарланған.
Өңірімізге 11 елдің делегациясы келіп, нәтижесінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында облыс делегациясы Иран Ислам Республикасының Мазандаран және Гүлістан провинцияларында іскерлік сапармен барып келді. Нәтижесінде, екі ел және екі жақтың Кәсіпкерлер палаталары арасында күріш, ет өнімдерін экспорттау, ет комбинатының құрылысы бойынша ынтымақтастық туралы 8 меморандумға  қол қойылды. ІІ Халықаралық интернет-форумға 9 елдің 20 халықаралық компаниясы қатысты.  Кезекті дәстүрлі «Baikonur INVEST» IХ инвестициялық форумын «Халықаралық қатынасты нығайту» тақырыбында 15-16 қарашада өткізу жоспарланған.

М.МЕРЕЙ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қазан 2017 г. 439 0